Үкімет әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді ? бірінші тоқсан қорытындылары

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан тәуелсіздігін алып, өз алдына жеке дербес мемлекет болған жылдары біраз ауыртпашылықты бастан өткерді.

«Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, осыған дейінгі қиындықтардың зардабын тартқан біздерге дағдарыс десе, көз алдымызға ең алдымен жұмыссыздық, валютаның шектен тыс құнсыздануы, экономиканың құлдырауы, қылмыстың өршуі, әлеуметтік төлемдер мен басқа да жеңілдіктердің қысқаруы сияқты келеңсіз жайттар елестейді. Қазақстандықтардың бағына орай, Үкімет аталған мәселелердің барлығының дерлік алдын ала білді. Нақтырақ айтсақ, Үкімет бүгінгі таңда қоғамдағы ең өзекті мәселе саналатын тұрғын үй құрылысы, тұрғындардың несиелерін қайта қаржыландыру, шағын және орта бизнесті қолдау сияқты маңызды мәселелерді қолға алып отырғандығын айтпағанның өзінде, дағдарыстың салдарымен күрес мақсатында қыруар шараларды атқара білді. Нақтырақ айтқанда, елде жұмыссыздықты болдырмаудың алдын алу үшін күні бұрын елдегі кәсіпорындар мен мекемелерде тиісті меморандумдарға қол қойылды. Әзірге ұлттық валютаның құнсыздануы Ұлттық банктің межелеген деңгейінен аса қойған жоқ. Ал экономиканың құлдырауына келетін болсақ, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында әлемдік экономиканың тұралау үдерісі байқалды. Осыған орай әлемдік экономикалық державалардың макроэкономикалық көрсеткіштердің нашарлап, ішкі жалпы өнім көлемі АҚШ-та 6 пайызға, Ұлыбританияда 1,5 пайызға ал Ресейде 7 пайызға кеміді. Бұлармен салыстырғанда Қазақстан экономикасы сырттан келетін әсерлерге аса «иіле» бермейтін беріктігін байқатты. Оның үстіне Қазақстан Үкіметі биылғы жылдың алғашқы жартысының өзінде ішкі жалпы өнімнің күрт құлдырауына жол бермеді. Ал соңғы екі айдағы макроэкономикалық көрсеткіштер ішкі жалпы өнімнің қысқару қарқыны төмендегендігін көрсетті. Осылайша ішкі жалпы өнім көлемінің қысқару көрсеткіші ағымдағы жылдың қаңтар айында 1,2 пайызды құраса, ақпанда 1,8-ге жетіп, наурыз айында оның кемуі небәрі 0,2 пайыз болды. Осының өзі Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарларының іске қосылғандығын көрсетсе керек. Енді дағдарыстың тағы бір салдары - қылмыстық жағдай әзірге елімізде тұрақты. Кей жағдайда тіпті Мемлекет басшысының құқық қорғау саласы қызметкерлерінің алдына қатаң түрде қойған міндеттерінен кейін жемқорлықпен, ұйымдасқан қылмыспен, есірткі саудасы және нашақорлықпен күрес керісінше жандана түскендей. Қарапайым халық үшін бүгінгідей қиын-қыстау күндерде негізгі басымдыққа ие мәселе әрине әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер. Бұл мәселеге орай Елбасы елдегі қандай да болсын дағдарыстарға немесе қиындықтарға қарамастан, әлеуметтік саладағы басымдықтар жоспарға сай, ешқандай өзгеріссіз жүргізілуі қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Үкімет әлеуметтік төлемдерді және бюджетшілердің жалақысын ұлғайту жөніндегі мемлекеттің барлық міндеттемелері толық көлемінде сақталуына кепілдік беруге міндетті. Бұрынғы жоспарланғанындай, 2010 жылы бюджетшілердің жалақысы және шәкіртақы 25 пайызға, ал 2011 жылы тағы да 30 пайызға ұлғайтылатын болады. Зейнетақының орта мөлшері 2010 жылы 25 пайызға және 2011 жылы 30 пайызға ұлғайтылады. Бұл ретте 2011 жылы базалық зейнетақылық төлемдер мөлшері ең төменгі өмір сүру мөлшерінің 50 пайызына дейін өседі. Өздеріңізге белгілі болғанындай, мемлекет оқу ақысын төлеу үшін қаржысыз қалған студенттерге қолдау білдірді. Мемлекет студенттер үшін барлығы 11 мың грант және 40 мың несиені қосымша бөліп отыр», деп атап көрсетті. Осыған орай биылғы жылдың қаңтар айынан бастап-ақ бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақылары 25 пайызға өсті. Ал ақпанда қызметкерлердің орташа айлық жалақылары 61793 теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі жалақы мөлшерінен 13,2 пайызға өсті. Биыл қаңтар айының басынан бастап, зейнетақының да мөлшері 22-30 пайызға артты. Ал жыл басынан бері өмір сүру минимумы көрсеткішінің ұлғаюына байланысты мемлекеттік әлеуметтік көмектердің көлемі 12 пайызға артты. Аяғы ауыр кезінде кіріс көзінен айырылып немесе баласы 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін берілетін әлеуметтік төлемдердің көлемі де 9,6 миллион теңгені құрады. Бұл қаржыны еліміз бойынша 32 мың адам алды. Қазіргі таңда еліміздегі бірінші кезекте тұтынылатын азық-түлік тағамдарына деген бағаның өсуіне байланысты жергілікті атқарушы органдар бюджет қаржысының мүмкіндіктеріне қарай, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобасы бойынша демеушілік көмектер негізінде дағдарысқа қарсы шаралар іске асырылуда. Мысалы ағымдағы жылдың сәуір айының 1-індегі мәліметтерге сүйенетін болсақ, азық-түлік бағасының артуына байланысты 84,3 мың адамға 207,3 миллион теңге көлемінде өтемақылық төлемдер үлестірілген. Сондай-ақ аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін 231 дүкен мен 2 мың 424 сауда орны және 483 дәріхана жұмысы ұйымдастырылған. Бұл орындардан зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға және қоғамның әлжуаз тобындағы азаматтарға арзан бағамен өздеріне қажетті нәрселерді алуға мүмкіншілік жасалған.