Оның айтуынша, әлемде әрбір он бірінші жұмыс орны туризм саласында ашылып отыр. Сонымен қатар, жаһандық жалпы ішкі өнімде туризмнің үлесі тоғыз пайыздан асып, он пайызға жетіп қалды. Көптеген елдерде бұл көрсеткіш 20 пайызға тақау. Халықаралық туристер саны жыл сайын артып, былтыр бұл көрсеткіш миллиард адамнан асып түскен. Осылайша туризм саласы көптеген елдердің әлеуметтік экономикалық дамуында негізгі қозғалтқышына айналды. Сонымен қатар, бұл сала экономиканы әртараптандыруда жоғары нәтижеге, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына септік бола алады.
«Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, туризмнің қалыптасуы барысында оған қаржылық та, заңнамалық тұрғыдан да мемлекеттік қолдау қажет. Мәселен, Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркия секілді елдерде бастапқы мемлекеттік қолдау кеңінен қамтылған. Соның нәтижесінде БАӘ-де соңғы он жылда осы салада қамтылғандар саны жүз мыңнан төрт жүз мың адамға жетіп отыр. Бұл ретте Үкімет тарапынан осы салаға қолдау 150 млрд. доллардан асқан болатын», - деді Ә. Исекешев.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып келеді, сондықтан елімізде халықаралық туризм нарығына ену перспективалары бар. Дегенмен онда бірқатар проблемалық мәселелер баршылық. Бұлар - туризм саласындағы қызметке бағаның жоғарылығы, инфрақұрылым мен сервистің жеткілікті түрде дамымауы, виза мен басқа да шаралардың күрделілігі. Халықаралық туризм өсімінің үштен екі бөлігі көршілес мемлекеттермен қамтамасыз етіледі. Қазақстан үшін бұл шамамен он миллион туристі қамтиды және бұған Қытай, Ресей, Таяу Шығыс пен Еуропаны жатқызуға болады.
Баяндама барысында Ә. Исекешев Қазақстанда туризм саласын дамытудың үш сценарийін атады. Оның біріншісі - пессимистік сценарий, онда жеке сектор инвестициясы 2020 жылға қарай шамамен 2 миллиард доллар құрауы мүмкін, ал туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1 пайызға жетіп, 56-60 мыңға тарта жұмыс орындары құрылады. Екінші нұсқа - мемлекеттік және жеке сектор бойынша инфрақұрылымға инвестиция қаралады. Онда жеке сектордан 4-4,5 млрд. доллар инвестиция түседі. туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1,5 пайызды құрап, 150-170 мың жұмыс орны құрылмақ. Ал үшінші - оптимистік сценарийдегі болжам бойынша туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі төрт пайызға дейін жетеді. Ал жеке инвестициялар көрсеткіші алты миллиард долларды құрап, үш жүз мыңға тарта жұмыс орындары құрылуы мүмкін.
Үкімет басшысы министрлерге бірқатар тапсырмалар берді
Ал сейсенбі, 17 маусым күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкімет отырысын өткізіп, онда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерінің кең ауқымы талқыланды. Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 26-шы және 27-ші пленарлық отырыстарында жарияланған Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Ағымдағы жылдың 5 айында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және мақсатты индикаторларға жету туралы есепті экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев, көрсетілген мерзімге мемлекеттік бюджетті орындау туралы қаржы министрінің орынбасары Р.Даленов баяндады. Вице-министр хабарлағандай, «бюджеттердің барлық деңгейлерінің табыстары бойынша жоспарлар орындалды». Отырыста сондай-ақ Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев таныстырған Астана қаласының қала маңы аймағын дамыту Кешенді жоспары мақұлданды. Сонымен бірге, Көлік және коммуникация министрі Ж.Қасымбек Үкімет мүшелеріне азаматтық авиацияны дамыту перспективалары туралы айтты. ККМ басшысы атап өткендей, әуе тасымалдау нарығының жыл сайынғы өсуі 10% деңгейінде сақталуда, 2013 жылдың қорытындысы бойынша отандық әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 5 млн. адамды құрады. Ж.Қасымбек салалық заңнамалық базаны жетілдіру, жаңа әуе компаниясын құру, жердегі авиациялық инфрақұрылымды дамыту, кадрлар даярлау бойынша ККМ жоспарлары туралы хабардар етті.
Отырыста сондай-ақ кедендік әкімшілікті жетілдіру шаралары туралы Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Б.Сұлтанов, сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков мәлім етті. Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
Қашағанда анықталған кемшіліктер тыңғылықты қарастырылуда - Ұ. Қарабалин
Осы күні Мәскеуде 21-ші Бүкіләлемдік мұнай конгресінде Қазақстандағы мұнай-газ саласын дамыту болашағына арналған министрлік сессиясы өтті.
Отырыс барысында ҚР Мұнай жәнге газ министрі Ұзақбай Қарабалин бүгінде еліміздің мұнай экспорты жылына 70 млн. тоннадан асатындығын және ол әлемнің 30-дан астам мемлекетіне жеткізілетінін атап өтті. Сонымен қатар Ұ. Қарабалин техникалық себептерге байланысты Қашаған жобасы бойынша бұдан кейінгі іс-қимылдар жоспарын даярлау шаралары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Қазақстан Үкіметінің соңғы мәлімдемесіне қарағанда, Қашағаннан кен өндіру 2015 жылдың соңына таман жандануы мүмкін. Бұдан бөлек министр Қазақстанда мұнай-газ саласын дамытуда көмірсутек шикізатын тасымалдаудың экспорттық бағдарларын кеңейту, еліміздің өңірлерін газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ шикізатты қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттарды кеңейту мен жаңғырту айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Осы орайда министр Қазақстан тарапы конструктивті ұсыныстар мен әлемдік үздік тәжірибені енгізуге барынша ашық екенін қадап айтты.
Байланыс және ақпарат агенттігінің жаңа тынысы ашылды
Ал 18 маусым, сәрсенбі күні Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, Агенттіктің қазіргі жұмысы, сондай-ақ отандық ақпарат кеңістігін «Ақпараттық Қазақстан-2020» Мемлекеттік бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыруды ескере отырып дамыту жоспарлары туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігі мен құрылымы айқындалған Агенттіктің толыққанды қызметіне кіріскенін және оның алдына қойылған маңызды міндеттерді тиімді шешуі тиістігін атап өтті. Агенттік төрағасы байланыс және ақпарат саласындағы ахуал, мемлекеттік БАҚ-тардың жұмысы, медиа-нарықты ынталандыру және контент сапасын арттыру шаралары турасында айтты. Сонымен қатар ол Интернет желісінің отандық сегментінің дамуы және сандық эфирлік телевидениені енгізу туралы әңгімеледі. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Корея мен Қазақстан арасында визасыз қарым-қатынас өрістейді
19 маусымда Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Ақордада екі ел үкіметтері арасында өзара визалық талаптарды жою туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан тарапынан келісімді ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, ал Корея Республикасы жағынан СІМ басшысы Юн Бён Се бекітті. Бұдан бұрын хабарланғандай, Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков Қазақстан азаматтарына Кореяға визасыз сапарлауға мүмкіндік болатынын айтқан еді. Оның атап өтуінше, бұл келісім жалпыазаматтық төлқұжаты бар Қазақстан мен Корея азаматтарына бір айға дейін бір-біріне визасыз сапарлауға мүмкіндік береді. «Бұл туризмді, медицинаны, ғылыми технологияларды, студенттер алмасу және басқа да жайттарды дамытумен байланысты», - деді А.Волков.
Премьер-Министр: Дағдарыс бізді төңіректеп жүр
Ал бүгін, яғни 20 маусым, жұма күні ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиынға Мәжілістің 104 депутаты, Сенаттың 43 депутаты қатысты. Депутаттар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылады. Палата отырысына депутаттық корпустан бөлек, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері толық құрамда қатысты. Сонымен қатар, Конституциялық Кеңес пен ҚР Жоғарғы сотының төрағалары мен мүшелері де болды. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп бұған дейін палаталарда жеке-жеке талқыланған болатын. Мәліметтерге сәйкес, есепті кезеңде бюджет қаржысының 42,9 миллиард теңгесі игерілмей қалған.
Отырыста баяндама жасаған ҚР Үкіметі басшысының орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өткен жылы Қазақстан Үкіметінің борышы қауіпсіз деңгейде қалыптасқанын атап өтті. «Республикалық бюджеттің тапшылығы 718 млрд. теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 2,1 пайызды құрады. Жалпы, ЖІӨ-ге қатысты Үкімет борышы 13 пайызға жақындады. Бірақ, бұл қауіпсіз деңгей деп айтуға болады. Мемлекеттік борыш бойынша халықаралық индекске сәйкес Қазақстан 148 елдің ішінде 14-ші орынға ие болды», - деді министр. Сонымен қатар оның атап өтуінше, республикалық бюджет шығыстарының үштен бірі өңірлерге жіберіледі. Субвенциялар 866 млрд. теңгені, ал нысаналы трансферттер 1 трлн. 62 млрд. теңгені құрады. Барлық трансферттер толық көлемде аударылған. «Солай болса да жергілікті органдар 8,5 млрд. теңгені игермей қалды. Бірақ бұл сома өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмен», - деді Б.Сұлтанов.
Ал ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев өз сөзінде КЕГОК акцияларын жыл соңына дейін «Халықтық ІРО»-ға шығару жоспарланатынын айтты. «КЕГОК акцияларын жыл соңына дейін «Халықтық ІРО»-ға шығару жоспарланады. Сосын жоспарға сәйкес, 2015 жылы «Самұрық-Энерго», 2016 жылы «Қазақстан темір жолы» мен «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ шығарылатыны күтіледі. Жақында ғана Парламентте осы бағыттағы заң қабылданды. Ол бойынша мемлекет меншігінде магистральдық теміржол мен электр желілерін сақтау туралы мәселе қамтылды. Сол бойынша бұған Елбасы Жарлығының жоспары дайындалып отыр», - деді Е. Досаев.
Ал ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осы отырыста сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикамен күрестің тың тәсілін түсіндірді.
Жиын барысында депутаттар қойған сауалға тоқтала келе К. Мәсімов екі маңызды мәселені атап өтті. Оның бірі «көлеңкелі» экономика болса, екіншісі сыбайлас жемқорлықпен күрес болатын. «Көлеңкелі экономика 19,2 пайыз деп жүр, бәлкім бұл бұдан азырақ немесе көбірек те шығар. Ең бастысы, біз көлеңкелі экономиканың барлық елдерде бар екенін білеміз. Ендеше сыбайлас жемқорлықпен қалай күресеміз, көлеңкелі экономикадан қаражатты қалай алып шығамыз деген мәселе күн тәртібінде аса өзекті. Образды түрде айтып көрсек, егер қабырғада қандай да бір тесік пайда болса, ол тесік ұрыны өзіне тартпай қоймайды. Ендеше, онымен күресетін екі жол бар: біріншісі - сол тесікке күзетші қойып, ұрыны ұстау. Бұл - қатаң жазалау тәсілі. Екінші тәсіл - сыбайлас жемқорлық әрекеттерге мүмкіндікті болдырмау, көлеңкелі экономика үлесін төмендету үшін әлгі тесікті жабу», - деді Үкімет басшысы.
Премьердің пайымынша, біз үшін ең ыңғайлы тәсіл екіншісі, яғни қабырғадағы «тесікті» жабу тәсілі. Бұл нені білдіреді? «Бұл дегеніңіз - бизнесті, экономиканы жүргізу үшін процедураларды оңтайландыру, жеңілдету деген сөз. Осыған орай, бізде бірқатар бастамалар, оның ішінде заңнамалық бастамалар да бар. Осы заңнамалар арқылы жағдайды түбегейлі өзгертетін боламыз. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы салық салуды алайық. Кейде салық салу, есептілік мәселесі күрделі болатыны соншалықты, шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін заңды жұмыстан гөрі көлеңкеде қызмет ету оңайға соғатын тәрізді. Біз сондықтан да, проблеманы азайту үшін үдерістерді жеңілдететін ұсыныспен Парламентке келмекпіз», - деді К. Мәсімов.
Сонымен қатар, К. Мәсімовтің айтуынша, биылғы күзде ҚР Үкіметі бюджеттік тәртіпті нығайтуға бағытталған заңнамаларға түзетулерді Парламентке енгізуді жоспарлап отыр.
«Соңғы жылдары мемлекеттік және республикалық бюджеттен бөлінген ресурстар әр кездерде дер уақытында игерілмеуін жиі байқаудамыз. Біз бұл мәселені тыңғылықты қарастырған болатынбыз, яғни бұдан бұрын да және соңғы айларда да талқыладық», - деді К. Мәсімов. Осы орайда Премьер-Министр бұл бағыттағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер үшін депутаттарға алғысын айта келе, олар өз кезегінде бюджетті пайдалану бойынша бюджеттік ресурстардың әкімшілерінің және облыстар мен Астана және Алматы әкімдерінің жауапкершілігін арттыратынын жеткізді. К. Мәсімовтің айтуынша, бұл тұрғыдағы мәселе тек кінәліні жазалау ғана емес, атап айтқанда ең бастысы - экономикаға және халыққа бөлінген қаржы дұрыс бағытта жоспарланып, тиісті мақсатқа игерілуіне байланысты. Ол үшін бюджеттік реттеудегі өзгерістермен қатар, өзінің учаскесінде өкілеттілікке бөленген әрбір адам өзінің орнында қабылдаған шешімдерге жекелей жауапты болуы үшін әкімшілік реформада да кейбір өзгерістер қажеттілік етеді. Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, ресурстарды бөлген кезде, барлығы қомақты қаржы сұрайды. Ал оны игерілуі тұрғысында шешім жасалған уақытта жауапкершілік жүктемесі тиісті деңгейде емес.
Осы және басқа да мәселелерді талқылай келе Үкімет басшысы еліміздің экономикасын дағдарыс төңіректеп жүргенін айтты. «2007-2008 жылдардағы, 2009-2010 жылдардағы дағдарыстардың бір- бірінен біршама айырмашылықтары бар. 2007-2008 жылғы жаһандық дағдарыс ең алдымен америкалық нарықта пайда болды, бәріміз субстандартты кредиттер, қаржылық сектор туралы білеміз. Одан кейінгі кезеңдегі дағдарыс еуропалық нарықтағы, Еуропа мемлекеттеріндегі борыштық міндеттемелермен тікелей байланысты. Ал қазіргі 2014-2015 жылдары дамушы елдердің уақыты да келген тәрізді. Ең бірінші бұл біздің айналамыздағы елдердің рыноктары: Ресей, Қытайға да қатысты», - деді К. Мәсімов. Бұл ретте Үкімет басшысы Ресей экономикасының бәсеңдегенін, Қытай қарқыны да төмендеп тұрғанын алға тартты. Премьердің сөзіне қарағанда, бұл дағдарыс толқыны аталған елдердің компаниялар қызметіне де, ірі тауар өндірушілерге де әсер етпей қоймайды. «Біз бес айдың қорытындысында да негізгі тауар өндірушілеріміздің Ресейге, басқа елдерге экспортында біршама өзгерістер орын алып отырғанын байқаймыз. Ал бұл құлдыраудың жағымсыз салдарынан құтылу үшін біз өз жұмысымызды төрт бағыт бойынша жоспарлап отырмыз. Оның біріншісі - біздің дәстүрлі экономика секторын қолдау. Соңғы 2,5 жарым жылда біз еліміздің барлық тауар өндірушілерімен кездестік. Олардың сұрақтарын тыңдап шықтық, шешуге тиісті мәселе де бізге белгілі», - деді К. Мәсімов.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы екінші бағыт ретінде өңдеуші өнеркәсіп секторын атады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Ұлттық қордан 1 трлн. теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылдағаны есте. Бұның басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға бағытталатын болады.
«Үшінші бағыт - инновациялық, ғылыми қамтымды экономиканы дамыту. Бұл - келешек экономикасы, одан бірден нәтиже күтуге де болмайды. Сондықтан оның қайтарымы да келешектің үлесінде. Төртінші бағыт - қызмет көрсету секторы мен шағын және орта бизнесті дамыту. Бұнда да біз осы бағыт үшін тың серпін қадамдарын жасауға тиіспіз. Шағын және орта бизнес үшін процедураларды жеңілдетіп, қаржыландырудың қосымша арналарын аша түсуге тиіспіз. Халықаралық қаржы құралдарын да тартамыз, жұмыс жалғасуда. Дәл осы төртінші бағыт жұмыс орындарын құрудың негізгі фокусы. Шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласы дамуға дем бере алады», - деді Кәрім Мәсімов.