Үкімет басшысы «G-4 City» құрылысына байланысты орындаушы компанияның бас директорына бірқатар ескертулер айтты

АЛМАТЫ. 25 қазан. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов Алматы облысындағы «Сары-Бұлақ» компаниясы», «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС мен Алматы қаласы маңындағы 4 серіктес қала құрылысымен танысты. Үкімет Басшысы өндіріс орындарын аралап, облыс басшыларының 9 айдың қорытындысына байланысты есебін тыңдап, атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді. Ал «Алматы облысындағы Алматы қаласы маңындағы 4 серіктес қаланың құрылысы» жобасымен (G-4 City) танысу кезінде оның орындаушысы «G-4 City» ЖШС-нің бас директоры Вячеслав Кимге бірқатар ескертулер айтты.

«Gate City» (Қақпа қала), «Golden City» (Алтын қақпа), «Growing City» (Өсу қаласы), Green City (Жасыл қала) деп аталатын 4 қаладан тұратын жалпы аумағы 8 006,7 га жерге құрылыс жүргізілмек. Алғашқы кезеңде 2011-2014 жылдары Қақпа қала мен Өсу қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы жүргізілуі тиіс болатын. Онда арнайы экономикалық аймақ құрылып, серіктес қос қаланың құрылысы инвесторлар тарту есебінен салынады деп жоспарланған. Алайда жоспар бойынша салынуы тиіс құрылыс жұмысы кешеуілдеуде.