Бұндай тапсырманы бүгін Премьер-Министр аталған ведомствоның алқа мәжілісінде жүктеді.
Үкімет басшысы екі жылдан бері барлық министрліктер мен ведомство жетекшілері ел ішінде қордаланған кейбір мәселелерді шешу үшін халықпен блог арқылы сөйлесу тетігін пайдаланып келе жатқанын айта келе, бұл тұрғыда өзінің блогына Қаржы министрлігіне қатысты, яғни олар Кеден одағының жұмысына, мемлекеттік сатып алулар, салық салу және басқа шаралар аясында қамтылған мәселелер бойынша сауалдар келіп түскенін жеткізді. Осы орайда К. Мәсімов Қаржы министрі Болат Жәмішевке аталған мәселелер бойынша түскен сауалдарды толығымен зерделеп, қарастыруды жүктеді.
Сонымен қатар Премьер-Министр алқа мәжілісінде ведомствоға Елбасының Жолдауы аясындағы міндеттер бойынша жұмыстарды сапалы әрі тез арада атқару керектігін тапсырды. Бұл тұрғыда Үкімет басшысы халықты еңбекпен қамту мәселесі қарастырылатынын айта келе, «сенбіде селекторлық режімдегі Үкімет отырысында әкімдермен бірлесе еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасын талқылаймыз»,-деді.
«Негізгі мәселелердің бірі жаңа жұмыс орындарын құрумен байланысты. Өткен жылдары дағдарыс кезінде «Жол картасын» іске асыру барысында жинақталған оң әрі нәтижелі тәжірибелердің барлығын пайдалану керек»,-деп түйіндеді К. Мәсімов.