Жиын барысында депутаттық корпусқа бюджет жобасына қолдау білдіргендері үшін алғысын айтқан Үкімет басшысы, бұл еліміздің экономикалық саясатын жүзеге асыруға аса қажетті әрі маңызды құжат екенін атап өтті.
«Елбасы Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Президент алдағы уақытта бұдан да нақты қадамдар Үкіметке жүктелетінін айтты. Ондай міндеттер Елбасының Жолдауында қамтылады, ал ол Жолдау 2015 жылдың аяғына дейін жарияланады. Осыған байланысты, депутаттарға алдын ала өтініш айтқым келеді, өйткені, біз алдағы уақытта Елбасының Жолдауы аясында жүктелетін міндеттерге сәйкес, бюджетке бірқатар түзетулер енгізуіміз де мүмкін. Ондай болып жатса, біз Парламентке тағы да бюджет бойынша өзгерістер мен толықтырулар жасап келетін боламыз»,- деді К. Мәсімов.