Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осылай мәлімдеді. Еске сала кетейік, Мәжілісте аталған заң жобасы бойынша жұмыс кеңесі өтіп, оған Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева, палатаның комитет төрағалары, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Тоқтала кететін жайт, құжат бұған дейін Мәжілісте бірінші оқылымда тұжырымдамалық түрде мақұлданған болатын. Вице-спикер Дариға Назарбаеваның сөзіне қарағанда, қазір заң жобасы өте белсенді талқылану үстінде. Сонымен қатар, Елбасы тапсырмасына сәйкес, құжат ағымдағы жылдың соңына дейін қабылданып, келесі 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі керек. «Уақыт тым аз. Қазірдің өзінде депутаттардан 1293 ұсыныс келіп түсті, олардың 766-сы қабылданса, 115-і қабылданған жоқ, ал қалған 412 ұсыныс әлі талқыланып жатыр. Заң жобасы екінші оқылымда 10 желтоқсан күні қаралады деп жоспарланған. Осыған орай, Үкімет басшысының бірінші орынбасарын шақырып, түйткілді мәселелерге түсінік беруді сұрағанбыз», - деді Д. Назарбаева.
Өз кезегінде Б. Сағынтаев заң жобасының тым күрделі екенін айта келе, бұл бағытта депутаттармен сындарды диалогқа дайын екенін алға тартты. «Маған әріптестерім заң жобасының комитеттерде қалай талқыланып жатқаны туралы күн сайын баяндап отырады. Осы бағытта депутаттармен бірлесе жұмыс істеп, барлық сұрақтарға жауап беруге, құжатты ілгерілету үшін мәселелерді жан-жақты қарастыруға дайынбыз. Мен вице-премьер ретінде жауапкершілікті өз мойныма аламын: заң жобасының алға қарай өтуіне кедергі мәселенің барлығы алынып тасталады», - деді Б. Сағынтаев.
Еске сала кетейік, заң жобасы Елбасының Парламенттің төртінші сессиясының ашылуы барысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Бұл ретте құжат мемлекеттік бақылауды жетілдіру, кәсіпкерлік субъектілерін жоспарлы тексеруді жою және жаңа тәсілді анықтау есебінен тәуекелдерді бағалау негізіндегі тексерулерді ұйымдастыруға көшуді қарастырады.