Үкімет «Нұра» ауылын Құсбегілердің Республикалық ғылыми орталығы деп танып, оған этнографиялық ауыл ретінде қолдау көрсетсе игі - Н. Өнербай

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет «Нұра» ауылын Құсбегілердің Республикалық ғылыми орталығы деп танып, оған этнографиялық ауыл ретінде қолдау көрсетсе игі.

Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында қазақтың асыл мұраларының бірі құсбегілік өнерін жан-жақты қолдауға қатысты мәселе көтеріп, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдаған депутат Нұрлан Өнербай осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз сауалында депутат Н. Өнербай халқымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан өлмес мұрасы - құсбегілікке қатысты мәселелерге тоқтала келе, құс салу өнерін кәсіптен гөрі, серуен, сейілге, спортқа жақын екендігін алға тартты. Оның айтуынша, бұл өнерді кейде «салбұрын», кейде «саятшылық» деп атау да содан.

«Кезінде Италия саяхатшысы Марко Поло, орыс тарихшысы Николай Карамзин, поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич секілді көптеген шетелдіктердің осынау тамаша өнер жайында көргендерін тамсана жазғандары қаншама. Осыларды ой елегінен өткізе келе, халықпен бірге жасап келе жатқан қанында бар ғажайып құндылығының үш мың жылдық қана тарихы бар деп, кесіп айту қисынсыз да қиянат болар. Ақиқатында, қазақ жұртының күнкөріс кәсібі болған аңшылық, хан - төрелердің, би-шешендердің, сал - серілердің көңілін аулап, сейіл құрғызар, сән - салтанатын асырар ақсүйек өнері болғаны аян. Бұл ретте Жошы ханның айналасында 3 мың қыран, Абылай хан - 500 бүркіт, 300 қаршыға мен сұңқар ұстағаны, Ақсақ Темір мен Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың бүркіттің бір жұмыртқасына бола, жауласқандары жайында деректер бар. Ал, Шоқан мен Шәкәрім, Абайдай асылдарымыз, Жаяу Мұса, Біржан сал, Мәди, Ақан мен Сегіз Серілердің, Сәкен мен Мұхтардай аяулыларымыздың айнымас серігі болған шоқтығы биік мұра әлі күнге бір ізге түсіп жинақталмай, зерделеніп, зерттелмей тұрғаны шындық», деді Н. Өнербай.

Оның айтуына қарағанда, әйгілі академик, зерттеуші Әлкей Марғұлан да саятшылық өнердің тарихи ескерткіш екендігіне айрықша тоқталып, аса назарға ілінбей жүргендігіне алаңдаушылық танытқан. Ал өткен ғасырдың елуінші жылдары жазылған бір еңбегінде, жазушы Сәбит Мұқанов та құсбегілікті ұлттық спортымыздың ең биік шыңы деп бағалаған екен.

Осы мәселелерді алға тарта келе, депутат Н. Өнербай ата-бабадан қалған асыл мұраның ұрпақ санасынан өшіп қалмауына қолдау көрсету қажеттігіне ерекше тоқталып өтті. Елімізді алыс жақын шетелдерге осындай ұлттық құндылықтар арқылы танытуға ат салысуы керектігін жеткізді.

«Осы бағытта құсбегілер көп шоғырланған, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ұлы Жібек жолы бойындағы «Нұра» ауылын Құсбегілердің Республикалық ғылыми орталығы деп танып, Үкімет тарапынан этнографиялық ауыл ретінде қолдау көрсетілсе болар еді. Сонда құлашын кеңге жая алмай, сырттан келетін қомақты қаржының көзін таба алмай отырған отандық туризм саласы біршама дамыр еді», деген депутат бірқатар ұсыныстарын да жариялады.

Біріншіден, «Нұра» ауылында республика бойынша Құсбегілердің арнайы мектебі ашылып, ғылыми -зерттеу орталығын құрылса игі. Екіншіден, шет елдерді қоспағанда, республика аумағында түрлі мәдени -спорттық шараларға қатысу үшін ұшақта, пойызда, автокөлікте қыран құстарды алып жүру өте қиын, сол себептен оларды тасымалдау ережесі, оның төлемақы тарифі, тәртібін бекіту қажет. Үшіншіден, бүгінде халқымыздың тарихи, мәдени мұрасы ретінде құсбегіліктің орны нақтыланбаған. Сол себептен, ілеспе заңдарға өзгертулер енгізіліп, «Ұлттық спорт түрлері туралы» Заң қабылдануы тиіс.

«Енді көкірегі ояу, көзі қарақты ұлт жанашырлары табылып жатса, туған халқының етенеден егізі, жігерін жанитын асыл тасы, қайтпас рухының белгісі -Қыранның қанатын қайырмас деген үкілі үміт қана бар. Шет елге босқа жалтақтап, солардың айтқан заңына, ережесіне бас изеуден гөрі, ежелден табиғатпен үндес халықтың өз ұстанымдарын әуелі ұрпақ санасында қалыптастырып, құсбегілікті өзімізде өз деңгейінде көтерілуін ойлауымыз қажет», деді депутат Н. Өнербай.