Мемлекеттік аппараттың жұмысындағы көпсатылық пен қосарлануды қысқартып, қағазбастылықтан арылтуға мүмкіндік беретін осындай қадамды нақтылау үшін Мемлекет басшысы кешегі Парламенттің сессиясын ашу барысында арнайы тапсырма беріп, депутаттарға заң жобасын шұғыл тәртіппен қарауды ұсынған. Осыған орай, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліске түсіп, бүгін құжатпен депутаттық корпус танысып шыққан еді.
Үкіметтің, мемлекеттік органдардың өкілеттігін шектеуге негізделген құжатқа тоқтамас бұрын Елбасының бұндай қадамдардың мақсаты туралы айтқанын еске салсақ. «Біріншіден, бүгінгі экономикалық жағдайларда Үкімет әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыру бойынша стратегиялық мәселелерге назар аударуы тиіс. Министрліктерге заңға тәуелді актілерді - түрлі ережелерді, нұсқамаларды және т.б. қабылдау бойынша құзыретті беру қажет. Әр министр өзі басқаратын саласына қажетті барлық өкілеттіктерге ие болуы және қабылданған шешімдер үшін толықтай жауапкершілікті мойнына алуы тиіс. Бұл талапты заңнамалық тұрғыдан реттеу керек», - деген еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев кешегі Парламенттің сессиясын аша отырып.
Елбасының айтуынша, реформа аясында министрліктердің комитеттеріне бақылау және жүзеге асыру функцияларымен қатар, тиісті салаларда мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ететін шешімдер қабылдау бойынша өкілеттіктер беріледі. Саланы тиімді реттеуді қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған бақылау бойынша комитеттердің бұрынғы функциялары аумақтық органдарда сақталатын болады. Ал әкімдіктерге өңірлер деңгейінде тиімдірек жұмыс істеп тұрған функциялардың берілуі көзделген. «Бұл, бірінші кезекте, жергілікті маңыздағы функциялар. Мұның пайдасына кең көлемді халықаралық тәжірибе де дәлел. Оның үстіне, бір функция тек бір мемлекеттік органға ғана бекітіліп берілуі тиіс. Бірін-бірі қайталау болмауы керек. Орталық мемлекеттік органдар заңнамалық барлық нормалардың бақылау және қадағалау сапасы төмендемеуін назардан шығармауы тиіс. Ауыл шаруашылығы бойынша да жергілікті билік органдарының өкілеттік ауқымын кеңейту қажет деп санаймын. Функциялар мен тиісті мамандар штатын беру арқылы әкімдіктердің ветеринарлық бақылау саласын нығайтуды қамтамасыз ету де маңызды», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан бөлек, Елбасы өкілеттіктерді шектеу шеңберінде мемлекеттік функцияларды мемлекеттік емес секторға беру мәселесін де көлденең тартты. Түптеп келгенде, Президент Үкіметке бір айдың ішінде арнайы заң жобасын тапсыруды жүктеп, оны Парламентте шұғыл қарау туралы өтініш жасаған болатын.
Соған орай, Ұлттық Экономика министрі Ерболат Досаев мәжілісмендер алдында таныстырған заң жобасы арқылы, орталық атқарушы органдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыретті, өкілеттіктерді бөлу болжанады. «Президенттің 2014 жылғы 25 тамыздағы Жарлығын іске асыру мақсатында заң жобасымен Үкіметтің өкілеттігі нақтыланады. Атап айтқанда, Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабынан туындайтын базалық негізгі бағыттар бойынша, оның ішінде: мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуінің негізгі бағыттарын және оларды жүзеге асыруды ұйымдастыру функциялары жүктеледі», - деді министр Ерболат Досаев. Сонымен қатар, мемлекеттік басқарудың тік, сол сияқты көлденең сатылары бойынша функциялардың қайталануын немесе қиылысуын болдырмау мәселесі де қарастырылады.
«Осыған орай, заң жобасымен Үкіметтің қолданыстағы 2 342 функциясының 1 598-ін министрліктерге беруді көздеп отырмыз. Оның ішінде әлеуметтік саладағы - 98 функция, ауыл шаруашылығындағы - 227 функция, көлік, байланыс және коммуникация саласындағы - 225, энергетика саласындағы - 83 функция Үкіметтен министрліктер құзыретіне өтпек. Мұндай шектеулер Үкімет жұмысын жеңілдетіп, өздерінің бақылайтын салаларындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру бойынша орталық мемлекеттік органдардың өкілеттігін күшейтуге септігін тигізеді», - дейді Ұлттық Экономика министрі Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, Үкіметтің өкілеттігінде еңбек жалақысын төлеу жүйесін қалыптастыру және оның шарттары, азаматтарды әлеуметтік қорғау, мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік сақтандыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі шараларды әзірлеу мен жүзеге асыру, заңдылықтың, құқықтық тәртіптің, қауіпсіздік пен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз етудің шаралары, мемлекеттік шекараны қорғау өкілеттіктері қалатын болады. Ал орталық атқарушы органдар құзыретінде стратегиялық, реттелетін, жүзеге асырылатын және бақылау-қадағалау функциялары, стратегиялық жоспарларды, бағдарламаларды жүзеге асыру міндеттері жүктеледі.
Бұдан бөлек, жергілікті билік деңгейлері арасында облыстардан аудандық деңгейге 14 функцияны өткізу көзделіп отыр. «Олардың арасында облыс аумағында спорттық ғимараттар құрылысы мәселелерін үйлестіру, шалғайдағы елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беретін орта мектептерге тасымалдау тәртібі секілді мәселелер бар», - деп атап өтті министр. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы бойынша сәулет-құрылыс жұмыстарын қадағалау саласында жергілікті атқарушы органдарға лицензиялау, аттестациялау және бақылау, қала құрылысы және құрылыс, нысандар құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылысы бойынша қадағалау, тапсырыс берушілердің техникалық қадағалау қызметін бақылау, авторлық қадағалау, жобаларды әзірлеу функциялары берілмек. Жер ресурстарын басқару саласында да жергілікті атқарушы органдарға бірқатар функциялар жүктелмек. Атап айтқанда, олардың арасында жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөніндегі орындау міндетті болып табылатын ұйғарымдарды беру, жер заңнамасы саласында әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарау секілді өкілеттіктер бар. Тұтастай алғанда, заң жобасы бойынша 15 кодекс пен 125 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Бұл ретте министр Досаев заң жобаларын қабылдау «жинақы» Үкімет қалыптастыруға, орталық және жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ құжат айналымын оңтайландыруға және көрсетілетін қызметтерді жұртшылыққа жақындатуға мүмкіндік беретінін алға тартады.
«Министрлік - бұл Үкіметтің бір бөлшегі, біз оны бөліп те жатқан жоқпыз. Ал қандай да бір функцияны беру туралы сөз болғанда, ең алдымен соларға байланысты шешімнің қандай деңгейде қабылданып жатқанын ойлануымыз керек. Сондықтан да, Үкіметтің негізгі әлеуметтік-экономикалық саясатын орындау барысында министрліктер шешім қабылдау үшін белгілі бір деңгейде және қандай да бір өкілеттіктер мен жауапкершіліктерге ие болулары керек», - деді министр. Бұл ретте Ерболат Асқарбекұлы Үкіметте қазіргі күні қаулылар орташа алғанда 6 айға дейінгі уақыт аралығында қабылданатынын еске салып өтті. «Сол үшін де Үкімет пен орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы функцияларды бөлу барысында біздің ұстанған басты міндетіміз әрбір министрге өздері басқаратын салаға өздері жауапкер болуын қарастыру. Әйтпесе, біз Үкіметтің әр отырысы сайын 50-ге тарта қаулы қабылдап жүрміз, олардың орындалу сатысы да ұзаққа созылып кетіп жатқаны сондықтан», - дейді Ерболат Досаев.
Жалпы, Елбасы Жарлығы аясында жүзеге асып жатқан әкімшілік реформа Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруге ұмтылысынан туындайды. Ендеше кәсіби әрі «жинақы» Үкімет мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түсетіні сөзсіз.