қолданыстағы нормативтік-техникалық база салаға озық технологияларды, тиімді әрі ресурстарды үнемдейтін жаңа құрылыс материалдары мен бұйымдарын, құрылыс өндірісін басқару мен ұйымдастырудың прогрессивті әдістерін енгізуге кедергі келтіруде. Сонымен қатар, қолданыстағы жүйе құрылыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбек пен адамдардың қауіпсіздігін сақтау, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қазіргі заманның талаптарына жауап бере алмайды. Бұған құрылыста жұмыс істеп жүріп талай адамдардың жазатайым қаза тапқаны, құрылыстағы еңбек және адамдардың қауіпсіздігін сақтауға қатысты жер-жерлерде оқтын-оқтын болып жатқан наразылық акциялары, одан қала берді «бармақ басты, көз қыстымен» әлеуметтік маңызы зор обьектілердің құрылысына заман талабына сай келмейтін құрылыс материалдарының пайдаланылғаны жөнінде айтылып та, жазылып та жүрген оқиғалар дәлел. Құрылыстағы осы және басқа да түйткілді проблемаларды шешу үшін елімізде 2008 жылдың соңында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттігі құрылған болатын. Агенттіктің алдына қойылған басты міндеттердің бірі - талай проблеманың қайнар көзі болып табылатын құрылыстағы техникалық реттеу жүйесін реформалау болып отыр.
Бүгін Үкімет отырысында осы мәселе талқыланған басты тақырыптардың бірі болды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің айтуынша, Үкіметтің тапсырмасы бойынша Агенттік былтыр құрылыстағы техникалық реттеу жүйесін реформалау үшін дайындық жұмыстарын жүргізген. Бұл жұмыстың нәтижесінде техникалық реттеудің отандық тәжірибесі мен қазіргі жағдайы талданып, сараланған. Австралия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ елдері, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ және Жапония секілді экономикалық жағынан дамыған ммелекеттердің аталмыш жүйені реформалау тәжірибесі зерттелген. Жүргізілген жұмыстар дамыған елдердің барлық техникалық реттеу жүйесіне тән ортақ қағидаттар мен кескінді анықтауға, Қазақстанның техникалық реттеу жүйесінің экономикалық жағынан дамыған елдердің ұқсас жүйелерімен келісілмейтін тұстарын білуге, сондай-ақ параметрикалық нормалауды қолдануға бағдарланған құрылыс саласындағы техникалық реттеу моделін әзірлеуге мүмкіндік берген.
«Қазақстанда нормалаудың белгілеуші әдісі қолданылатын белгілі. Айтарлықтай икемділігі жоқ бұндай қатаң шаралар балама шешімдерді, материалдар мен әдіс-тәсілдерді қолдануға жол бермейді. Соңғы отыз-қырық жылда экономикалық жағынан дамыған елдердің басым көпшілігі барынша прогрессивті параметрикалық әдіске көшіп жатыр. Бұл жүйенің артықшылықтарының бірі - инновация үшін ашықтығында», дейді С. Нокин.
Оның сөзіне қарағанда, реформалардың әлемдік тәжірибесінің сараптамасы еліміздің құрылыс саласындағы техникалық реттеу жүйесінің бүкіл компоненттерін - нормативтік базаны, қадағалау және бақылау жүйесін, сәйкестікті бағалау жүйесін бір мезгілде реттеу қажеттігін көрсетіп берген. Тек осы жағдайда ғана реформа табысты бола алады. Бірінші компонент - нормативтік база бойынша нормалаудың параметрикалық әдісіне біртіндеп көшу реформаның басты мақсаты болып табылады. Бұл ретте озық елдердің тәжірибесі бойынша сапалы жаңа құжат - Қазақстан Республикасының құрылыс техникалық регламенті әзірленбек. Көптеген елдерді мұндай құжатты Құрылыс кодексі деп те атайды екен. Үкімет бекітетін бұл құжат құрылыс саласының техникалық конституциясы болуы тиіс. Қазақстан жағдайында қолдану үшін жарамдылығын бағалау мақсатында шетелдік модельдік құжаттарды, олардың аудармаларын және мұқият жасалған инженерлік-техникалық сараптамасын сатып алу жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанда тікелей қолдану үшін пайдаланылуы ықтимал үздік ережелерді анықтауға мүмкіндік береді.
Нормалау реформасымен қатар техникалық реттеудің екінші құрамдауышы - қадағалау және бақылау жүйесі қайта құрылатын болады. Бұл құрылыс заңнамасын сақтау үшін қажет. Ең алдымен жергілікті қадағалаушы-бақылаушы органдарды дүркін-дүркін аккредитациялау көзделіп отыр. Штаттарында қадағалау-бақылау қызметін жүзеге асыру үшін сертификациядан өткен қызметкерлерінің болуы жаңағыларды аккредитациялаудағы міндетті шарт болып табылады. Бұл қызметкерлердің жоғары кәсіби біліктілігін және дербес жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
Агенттіктің қадағалау мен бақылау жүйесіне қатысты бұлай алаңдайтындай жөні бар екен. Неге дейсіз ғой? Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бірінші басшыларының 25 пайызының құрылыс саласында арнайы білімі жоқ екен. Тұтастай алғанда, бақылаушы органдардағы кадрларды дайындау деңгейі өте төмен. Мәселен, соңғы жоспарлы аттестаттаудың нәтижесінде жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының 70 қызметкерінің 29-ы немесе 41,1 пайызы аттестациядан өтпей қалған. Бұдан сірә бір ғана қорытынды шығаруға болатындай: құрылыстағы қадағалау және бақылау жүйесін реформалау қажет және соның негізінде мамандардың кәсіби деңгейін және олардың дербес жауапкершілігін арттыру керек.
С. Нокиннің айтуынша, құрылыс заңнамасының талаптарына нормалау субьектілері мен обьектілерінің сәйкестігін бағалау жүйесі техникалық реттеудің үшінші маңызды компоненті болып табылады. Сәйкестікті бағалау жүйесін реформалаудағы басты мақсаты - оны аккердитациялау, лицензиялау және сертификаттау саласындағы жалпылама мойындалған шетелдік аналогтармен үйлестіру. «Қазіргі уақытта лицензиялау кезінде маманның кәсіби біліктілігіне емес, қызметтің түрлеріне екпін салынады. Бұл әлімдік тәжжірибеге сәйкес келмейді және өзгертілуі тиіс», дейді Агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, сондай-ақ реформа құрылыс өнімдерін сертификаттау саласында тәртіп орнатуды, тиісінше құрылыс рыногын сапалы әрі қауіпсіз құрылыс материалдарымен және бұйымдарымен қанықтыруды көздейді. «Реформаны тиімді жүргізу үшін 2010 жылы жобаларды басқаратын орталықтандырылған жүйені құру қажет. Бұл жобалардың компоненттерін біріктіретін ортақ тұғырнама болуы тиіс. Қазіргі таңда біз жобаларды басқарудың бірқатар балама схемаларын, соның ішінде осы салада маманданған тәжірибелі шетелдік кәсіби ұйымды тарту нұсқасын қарастырып жатырмыз», дейді С. Нокин.
Оның сөзіне қарағанда, Үкіметтің тапсырмасы бойынша Агенттік құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесін реформалау тұжырымдамасының жобасын және реформаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Реформа бойынша жұмысты үйлестіру үшін ҚР Үкіметінің жанынан құрылыс саласын реформалау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық комиссия құру қажет. Атап өтерлігі, Агенттік төрағасының бұл ұсынысы Премьер-Министрдің тарапынан қолдау тапты. Құрылыс саласындағы техникалық реттеу жүйесін реформалауды маңызды мәселе деп есептейтінін айтқан Үкімет басшысы: «Мен Үкімет жанынан мұндай комиссия құру жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Сондықтан бекітілген мерзімде аталмыш комиссияны құру туралы менің қаулымның жобасын енгізіңіздер. Ресурстар жөніндегі ұсынысты да республикалық бюджеттік комиссияның отырысына шығарыңыздар» деді .
Агенттік ағымдағы жылы реформаны жүзеге асыруға кірісуге мүмкіндік беретін бірінші кезектегі шаралар кешенін орындауды көздеп отыр. Реформаның бірінші кезекті шараларын жүзеге асыруға 2010 жылы қосымша 500 млн. теңге бөлу қажет. Қазақстанның келешектегі дамуы үшін құрылыс саласының маңызы зор. Әсіресе еліміз экономиканы индустрияландыруға бет бұрған тұста саладағы жоғарыда айтылған өзекті проблемалардың түйінін тарқатып, кем-кетігін уақыт созбай түзеп алу қажет. Бұл міндетті орындай алсақ, құрылыстағы көптеген мәселелердің түйіні тарқатылар еді.