Оның сөзіне қарағанда, бүгінде үлестік құрылыс заңнамасы күрделі және ол тиісті деңгейде жұмыс істемей отыр. «Осы уақытта тек бір ғана лицензия беріліп, ол бойынша еш нысан салынбады. Қазіргі кезде осы бағытта заң жобасы әзірленіп, құжат үлестік құрылысқа қатысушылардың тәуекелін төмендетуді қарастырады», - деді Б. Жәмішев.
Атап айтқанда, жаңа заң жобасы аясында екі тетік қарастырылған. Оның біріншісінде, құрылысшы немесе жобалаушы компания банктен несиелендіріледі. Бұл тұрғыда үлескерлердің қаржысын нөлдік цикл кезеңінен ғана тартуға болады. «Яғни, құрылысшы үлескерлердің қаржысын тартудың алдында жобаға өзінің жеке қаржысының 20-30 пайызын салуы тиіс», - деді Б. Жәмішев.
Оның айтуынша, бұдан кейін инжинирингтік компаниямен келісім бекітіліп, бұл компания қаржының мақсатты игерілуін қадағалайды.
Ал екінші тетікте банктік несие ескерілмеген. «Бұл жағдайда талаптар жоғары. Осы бағытта үлескерлердің қаржысын нысанның қаңқасы тұрғызылғаннан кейін ғана тартуға болады. Бұл тетікте де инжинирингтік компания қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Атап айтқанда, осы қадамдар құрылысқа қатысушы үлескерлердің тәуекелін төмендетеді», - деді Б. Жәмішев.