19:26, 13 Сәуір 2009
Үкімет үйінде Премьер-Министрдің төрағалығымен экономиканы қайта жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен экономиканы қайта жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Отырысқа қатысушылар агроөнеркәсіп кешені (АӨК) субъектілерінің кәсіпорындарын несиелеу туралы кейбір мәселелерді қарастырды. «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков мемлекеттік комиссия мүшелерін АӨК субъектілерін несиелеу барысы туралы хабардар етті. Бүгінгі күнге дейін «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі» АҚ-ға жиынтығы 84,7 млрд. теңгеге өтінім түскен. Солардың ішінде 54,7 млрд. теңгенің жобалары мақұлданған. Бағдарлама аясында қаржыландырған жобалар сомасы 19,4 млрд.теңге. Сонымен қатар комиссия қарауына АӨК субъектілерін несиелеу жөніндегі екінші деңгейлі банктердің кепілдік міндеттерін қабылдауға лимиттерді қайта қарастыру туралы ұсыныс енгізілді.