Үкімет жанынан Қазақстанға доңыз тұмауының таралуына тосқауыл қоюмен айналысатын жұмыс тобы құрылды

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Үкімет жанынан Қазақстанға доңыз тұмауының таралауына тосқауыл қоюмен айналысатын жұмыс тобы құрылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша, Қазақстан аумағында доңыз тұмауының таралауына жол бермеуге қатысты ұсыныс әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы осы індеттің алдын алу шараларын үйлестірумен айналысады», деді бүгін Үкімет отырысында вице-премьер Серік Ахметов. Оның айтуынша, доңыз тұмауының алдын алу шараларын күшейту, қауіпті инфекцияға бейім мемлекеттерден келетін адамдардың денсаулығына санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту, елге сырттан тасымалданатын импорт өнімдеріне қадағалауды нығайту, дәрі және зарарсыздандыру құралдарының қосымша қорын жасау, доңыз тұмауына күдік туғызатын науқастарды орналастыратын жайлар даярлау, ақпараттық- насихаттық жұмыстарды жандандыру жұмыс тобының негізгі міндетіне жатады. Айта кетейік, вице-премьер Серік Ахметов басқаратын мұндай жұмыс тобын құру туралы тапсырманы кеше Үкіметтің селекторлық кеңесінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов берген болатын.