Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі - жеке бизнеспен өзара тиімді серіктестік қарым-қатынастың жаңа үлгісін жасау - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі

АЛМАТЫ. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі - жеке бизнеспен өзара тиімді серіктестік қарым-қатынастың жаңа үлгісін жасау. Оны Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы бизнес жүргізу саласындағы реформалар: іске асыру барысы және болашағы» деп аталатын конференцияда айтты,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы жылдары Үкімет елдегі  кәсіпкерлік пен бизнес ортаны дамытуға үлкен көңіл бөліп жатыр. Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі жеке бизнеспен өзара тиімді серіктестік қарым-қатынастың жаңа үлгісін жасау. Елдегі бизнес климатты жақсартудағы біздің қызметімізге берілген объективті бағалаулардың бірі Дүниежүзілік банктің бизнесті жүргізу рейтингі болып отыр», дейді министр Бақыт Сұлтанов.

Дүниежүзілік банктің 2008 жылдың қыркүйек айында жарияланған бизнесті жүргізудің ғаламдық  рейтингінде Қазақстан 70-ші орын алған болатын. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 сатыға жоғары. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б. Сұлтановтың айтуынша, Қазақстан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аумағында бизнесті жүргізудің  қарапайымдылығының рейтингінде 25 елдің ішінде 12 орында тұр. Онда алғашқы бестікте Грузия, Эстония, Литва, Латвия, Әзірбайжан, ал  соңғы сатыда  Ресей,  Өзбекстан, Украина мен Тәжікстан мемлекеті орналасқан.