Бұл туралы бүгін «Радуга» мүгедек балалар аналарының қоғамдық бірлестігінің президенті Наталия Колоскова «Бүкіл әлем саусақ ұшында!» атты қоғамдық компания жобасының аяқталуына арналған баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Оның айтынша, еліміздің екі қаласы - Алматы мен Қарағандыда ғана соқыр және нашар көретін балаларға арналған облыстық интернаттар жұмыс істейді. Онда олар Брайль (бұл әліппе соқырлар үшін оқып, жазатын негізгі жүйе) әліппесімен сауат ашып, орта білім алады. «Ал қалған аймақтардағы мүгедек балалардың тіпті орта білім алуға да мүмкіндіктері жоқ. Қазіргі таңда елімізде білімсіз соқыр балалардың жаңа бір буыны қалыптасып отыр. Бұл балалар жазып, оқи алмайды, сондықтан олардың колледждерде, жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіншіліктері шектелген», дейді Н.Колоскова.
Еліміздің медициналық деректеріне жүгініп, жылына 4000-ға жуық сәби дамуындағы әртүрлі ауытқулармен дүниеге келетінін айтқан оның сөзіне қарағанда, Қостанай облысында 2137 мүгедек бала болса, соның 137-сі көз жанары бойынша мүгедектер, ал Астана қаласында 30-ға жуық сәбидің көзі мүлдем көрмейді екен.
«Бүкіл әлем саусақ ұшында!» атты қоғамдық компания барысында Қостанай мен Астанада 300 зағип баланың ата-аналары арасында сауалнама жүргізілген. «Сауалнама барысында зағип балалар ата-аналарының 90 пайызы тұрғын үйге, 30 пайызы психологиялық көмекке зәру екендігі, ал 99 пайызы психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік, медициналық және басқа да көмектерді қайдан алатындықтарын білмейтіндігі анықталды», дейді қоғамдық бірлестіктің басшысы.
Осыған орай еліміздің үкіметтік емес ұйымдары ҚР Үкіметі мен Парламентіне бірқатар ұсыныстар әзірлеген. Олардың қатарында мүгедек балалардың қоғаммен ықпалдасуы және олардың отбасын қолдау бойынша ұлттық бағдарлама әзірлеу, білім берудің нормативтік және әдістемелік базасын құру, сонымен қатар эрготерапевт, Брайль әліппесін оқыту, жүру, сенсомоторика сияқты мамандықтар туралы түсінікті мемлекеттік білім беру стандарына енгізу, жоғарыда аталған құжаттарды әзірлеу және құруға мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемаларымен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды тарту сияқты ұсыныстары бар.