Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бас қосты

ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» қауымдастығы облыс әкімінің қаржыландыруымен әлеуметтік маңызы бар жобаларды орындаушы үкіметтік емес ұйымдар басшыларына әлеуметтік маңызы бар жобаларды жасау және орындау мәселелері тақырыбында семинар өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» қауымдастығы төрайымы Д.Ақмағамбетова семинарға қатысушыларға облыс әкімімен бірлескен іс- қимыл әріптестік меморандумына қол қойылғандығын жеткізді. «Бұл әріптестік үкіметтік емес ұйымдарға деген үлкен сенім артқандық. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар жобаларға бөлінген қаржыны аймағымыздың өркендеуі мен тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруы бағытында тиімді жұмсалуы тиіс», - дейді ол. Семинар барысында облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Н.Б.Жәлиев ҮЕҰ-ны қаржыландыру және әлеуметтік маңызы бар жобалардың тиімділігі артып, жергілікті билік пен азаматтық қоғам өкілдерінің арасында жүйеленген қарым-қатынас қалыптасқаны туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, ол көптеген үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы әлі де болса баяу екеніне және бірқатар жергілікті ведомстволық атқарушы органдар азаматтық қоғам институттарымен жұмысты тиісті деңгейде атқармай отырғанына тоқталып өтті. Бұл бағытта қоғамның кез келген ұшқыр мәселелеріне салалық атқарушы органдардың назарын аудару үшін Үкіметтік емес ұйымдар өздерінің белсенділігін арттырып, инновациялық көзқарас негізінде жасалған жобалар әзірлеу қажет екені айтылды. Азаматтық Альянс қауымдастығы қызметкерлері семинарға қатысушыларға әлеуметтік маңызы бар жобаларды құру, қаржы есебін жасау жөнінде кеңес беріп, «Әлеуметтік маңызы бар жобалардың құжаттары мен есебін жүргізу мәселелері» тақырыбындағы әдістемелік құралдарын таратты. Сараптамалық комиссиядан өткен әлеуметтік маңызы бар жобалардың барлығы Елбасының «Дағдарыстан ? дамуға» Жолдауын іске асырумен қатар тұрғындардың проблемаларын шешуге бағытталған. Семинар соңында сөз алған ҮЕҰ басшылары облыс әкімінің қолдау көрсетіп, сенім білдіргендігі үшін алғыстарын білдірді.