Өз сөзінде сындарлы ынтымақтастығы және бюджетке және басқа да заң жобаларына қолдау білдіргені үшін депутаттық корпусқа алғысын жеткізген Премьер-Министр К. Мәсімов Үкіметтің экономикалық саясатына қатысты өз пікірін жеткізді.
«Сонымен қатар, мен бір-екі басты мәселеге тоқталғым келеді. 2008 жылы бәріміздің есімізде. Ол кезде бір американдық банк банкротқа ұшырап еді, оның әсері бізге алыс секілді көрінетін. Алайда, бұның бүкіл әлемді және біздің елімізді де қандай күйге түсіргені белгілі. Өкінішке қарай, 2011 жылдың күзінде де әлемдік экономика айтарлықтай тұрақты емес. Сондықтан да, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет әлемде орын алуы ықтимал экономикалық жағымсыз жағдайларға орай өзінің балама сценарийін құрып отыр», - деді Кәрім Мәсімов.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы бүгінгі күні Еуропалық одақта, АҚШ-та орын алып отырған жағдайларға тоқтала келе, әлі күнге әлемдік экономикалық жағдай мінсіз емес екенін және бұл тұрғыда сарапшылардың пайымы сан-саққа жүгіретінін атап өтті. Мәселен, көптеген сарапшылар бұны рецессияның екінші кезеңі десе, енді біреулері 2008 жылғы дағдарыс толқынының жалғасы деп санайды. Әйтсе де, қазір ешкім де кесіп-пішіп болжам жасай алмайтыны анық. Премьер-министрдің пайымынша, әлемдік экономикадағы жағдай көбінесе ірі мемлекеттер басшыларының саяси еріктеріне, олардың әлем экономикасы алдындағы қатерлерге қарсы тиянақты шараларына да байланысты. «Ал нақты өзімнің көзқарасыма келетін болсақ, мен Англия Орталық банкі басшысының «рецессияның екінші кезеңінен қашып құтыла алмаймыз» деген пікірімен келісе аламын. Сондықтан да, сіздерді Үкіметтің балама даму жоспарының барлығына сендіргім келеді. Егер қандай да бір жағдай болмасын, Үкімет қажетті жоспарларды жедел жүзеге асыру үшін депутаттардың қолдауына сүйенеді. Бұл ретте өзара батыл, сындарлы шешімдер де қажет болып қалуы мүмкін. Осының өзі біздің экономикамыздың тұтастай дамуына мол мүмкіндік бермек», - деді Кәрім Мәсімов.