18:27, 14 Сәуір 2009
Үкіметтің мемлекеттік тілде мәжіліс өткізу ұмтылысына орыс тілді БАҚ-тардың үрке қарауы қисынсыз
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов басқаратын Қазақстан Үкіметі бүгіннен бастап алқалы мәжілістерін, келелі кеңестерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінде жүргізуге баса ден қоятынын аңғартты.
Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылға жуықтап қалғанына қарамастан, ана тіліміздің туған жерімізде, өз елімізде әлі күнге дейін өгей баланың күйін кешіп жүргені, үлкен жиындар мен басқосуларда үнінің естілмей жатқаны, мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріле алмай отырғаны талай адамдардың, оның ішінде тіл жанашырларының жүрегін ауыртатыны шындық. Ақиқатқа осы көзқарас тұрғысынан үңілсек, Үкіметтің бұнысы қос қолды көтеріп тұрып құптайтын, өте игі бастама. Премьер-Министрдің бұл ниетін біз ең алдымен мемлекеттік тілге деген зор құрметі деп білеміз, бағалаймыз. Алайда, Кәрім Қажымқанұлының қарамағындағы Министрлер кабинетінің сейсенбідегі отырысының бастан-аяқ (арасында «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма директоры Қайрат Әйтекеновтың ресми тілде баяндама жасағаны болмаса) қазақ тілінде өткізілуі Қазақстандағы орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін бірталай әріптестеріміздің шымбайына қатты батқан сыңайлы. Үкімет басшысы мәжілісті мемлекеттік тілде ашып, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов оны іліп әкетіп, одан кейін бірінші Вице-Премьер Өмірзақ Шөкеев шұрайлы ана тілімізде экономикадағы маңызды проблемалардың түйінін тарқатып, шешу жолдарын талқылап жатқанда, орыс тілді бірқатар журналистер алақандай баспасөз орталығын араның ұясына айналдырып жіберді. Бір сөзбен айтқанда, мәжілістің мемлекеттік тілде өтіп жатқанына ашықтан-ашық кейістіктерін білдіріп, қазақ тілді тілшілердің жұмыс істеуіне кедергі жасады. Тек қазақ тілді бір әріптесіміздің: «Бұл қай басынғандарың, мемлекеттік тілді неге құрметтемейсіңдер! Ең болмаса қазақ тілді әріптестеріңді сыйласаңдар қайтеді, тыңдағыларың келмесе шығып кетіңдер», деген мазмұндағы адуынды сөздерінен кейін барып айылдарын жиғандай болды. Міне, осы шағын ғана көріністен Қазақстандағы орыс тілді кейбір журналистердің қазақ тілін қаншалықты құрметтейтінін аңғаруға болатындай. Бұл әрине намысыңа тиетін, өзекті өртейтін ащы мәселе.
Алайда, еліміздегі орыс тілді кейбір БАҚ-тар Премьер-Министрдің Үкіметтің мәжілісін мемлекеттік тілде өткізуге деген құлшынысын құп көрмейтінін қазірден бастап білдіре бастады. Мәселен, бүгін «Interfax-Қазақстан» ақпарат агенттігінде «Журналистер үкіметтік отырыстарда олар үшін де қостілділік механизмі қамтамасыз етіледі, деп үміттенуде» деген тақырыпта шағын ақпарат жариялады. Онда (біз орыс тілінен аударылған қазақ тіліндегі нұсқасын беріп отырмыз ?ред.) былай делінген: «Орыс тілді БАҚ-да жұмыс істейтін қазақстандық журналистер сейсенбіде Үкімет отырысы трансляциясының ресми орыс тілге аударылмауына түсінбестік танытты, өйткені отырыс толықтай дерлік мемлекеттік қазақ тілінде жүргізілген болатын». Осы шағын ғана ақпаратқа көз жүгірте отырып, жалпы қазақтардың, тіл жанашырларының, оның ішінде қазақ тілді журналистердің «шықпай жүрген жаны-ай» деген ойға қаласың. Себебі, Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың жиналыстары, елімізде ұйымдастырылып жүрген халықаралық деңгейдегі әртүрлі конференцияар мен дөңгелек үстелдердің, одан қала берді кейбір баспасөз мәслихаттары мен брифингтердің бәрі-бәрі осы уақытқа дейін түгелдей ресми тілде өткізіліп келе жатқаны бәрімізге белгілі. Солардан қазақ тілді журналистер қыңқ етпестен (құқықтары бар болса да трансляциясының мемлекеттік тілге аударылуын талап етпестен) сапасы мен мазмұны жағынан орыс тілді дүниелерден кем соқпайтын материалдар жазып, сюжеттер дайындап халыққа жеткізіп келеді. Бір сөзбен айтқанда әрі журналистің, әрі аудармашының міндетін қатар атқарып жүр. Екінші жағынан, заман талабына ілесіп, кәсіби деңгейлерін жыл сайын жетілдіре түсуде. Қазір қазақ тілді журналистердің ішінде үш тілде ? қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін ұғыныса алатындарын көптеп кездестіруге болады. Ал Үкімет отырысын мемлекеттік тілде өткізуге көше бастауы мұң екен, орыс тілді БАҚ өкілдері «трансляциясының ресми орыс тілге аударылмауына түсінбестік танытып, бүйректен сирақ шығара бастады». Егер ашығын айтатын болсақ, К. Мәсімовтың Ө.Шөкеевтің, Б. Сұлтановтың мемлекеттік тілде сөйлеген сөздерінде «орыс тілді журналистер түсінбейтін дәнеме де болған жоқ». Бәрі тайға басқандай нақты әрі түсінікті тілмен жеткізілді. Ал енді Қазақстанның мемлекеттік тілі ? қазақ тілінде айтылған дүниелерді осы уақытқа дейін бәзбіреулер, нақтырақ айтқанда, кейбір орыс тілді журналистер (тіпті бұлардың көпшілігі өзіміздің қазақтар) түсінбей жатса, онда «олардың өз обалдары өздеріне» дегеннен басқа айтар бізде уәж жоқ. Себебі мұндайлар қазақ тіліне мұрын шүйіре қарайтын уақыттың әлдеқашан өткенін, жеме-жемге келгенде Қазақстан Үкімет жиналыстарын қазақ тілінде өткізуге міндетті екенін, Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлт ? қазақ халқы болғандықтан, түптің түбінде біздің елде осы тіл салтанат құратынын ұғынулары тиіс. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға материалдық тұрғыдан да, рухани жағынан да жан-жақты қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда. Осының бәрін көре тұра, біле тұра мемлекеттік тілді меңгеруге иліккісі келмегендер бар кінәні айналып келгенде өздерінен іздегендері, осы уақытқа дейін қазақ тілін үйренбегендеріне өздерін жазғырғандары
жөн. Себебі, қазір өз қателігің үшін өзгеге кінә артатын, біреуді жазғыратын заман емес. Елімізде күні кеше ғана өткен жалпыұлттық халық санағының алдын-ала қорытындысы Қазақстанда тұратын халықтардың 67 пайызын қазақтар құрайтынын көрсетіп отыр. Түсіне білген адам бұл үдерістің енді еш тоқтамайтынын, Қазақстанда қазақтардың саны жыл сайын көбейе беретін бағамдаса керек. Бұл дегеніміз - белгілі бір ұлттың саны басым жерде оның тілі де біртіндеп басымдыққа ие болатынын білдіреді. Бұл ойдан шығарылған дүние емес, ақиқаты солай. Олай болса, Қазақстанда тұрып жатқан ағайындарымызға, әсіресе орыс тілді журналистерге мынаны айтқымыз келеді: мемлекеттік тілді меңгеріңіздер, бұл биікті бағындырсаңыздар кәсіби деңгейлеріңіз жоғарылап, мансаптарыңыз көтеріле түседі, елдің сүйіспеншілігіне бөленесіздер, кез-келген ақпараттың тігісін жатқызып, мемлекеттік тілдегі материалдардың майын тамызып тұрып ресми тілде жазуға машықтанасыздар. Қазақ тілінде жазып-сызатын мамандардың барлығы, яғни студентерден бастап мүйізі қарағайдай академиктерге дейінгілердің барлығы осындай жолдан (орыс тілінен аударып жазудан) өткен, әлі де өтіп келеді. Одан олар ұтпаса, ұтылған жоқ. Ендеше сіздер де машақаты көп, бірақ пайдасы ұшан теңіз осы жолмен жүріп көріңіздер. Қиындығы болғанымен, өздеріңіз үшін қызығы мол дүниелерді ашасыздар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қазақстанда кез-келген салада жұмыс істейтін маман өз ісінің білгірі, шын мәніндегі кәсіпқой болғысы келсе міндетті түрде үш тілді қатар меңгеруі тиістігін ылғи да айтып жүр. Бұл заман талабы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, заман талабынан туындап отырған, қоғам қажетсініп жатқан дүниелерден ат- тонды ала қашу, оларға үрке қарау еш қисынға жатпайды. Елбасының өзі «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» екенін қадап тұрып айтты. Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа дамитын, қанатын кеңге жаятын, өркендейтін мекені жер бетінде жоқ. Ендеше тарлан тарихтың өзі қайтадан қалпына келтіріп жатқан ақиқатқа қиянат жасауға еш болмайды. Әділеттен аттап ешкім береке тапқан емес, бақытқа жетпеген. Мамандардың есебінше, егер адам шын пейілмен ден қойса, қандай да бір тілді үйренуге жарты жыл қажет екен. Мәселеге осы көзқарас тұрғысынан қарай отырып, біз орыс тілді БАҚ-да жұмыс істейтін әріптестерімізді туған елінің (басым көпшілігінің қазақ елінде дүние есігін ашқанына күмәніміз жоқ) мемлекеттік тілін үйренуге ұмтылуға, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген қазақ даласының кемеңгер тілі - қазақ тіліне құрметпен әрі сүйіспеншілікпен қарауға шақырамыз. Бұдан ұтпасаңыздар, ұтылмайтындарыңызға бәс тігеміз.
Мүмкін Үкімет орыс тілді БАҚ-тарда жұмыс істейтін журналистердің талап-тілектерін ескеріп (бұл бек мүмкін) мемлекеттік тілдегі мәжілістерінің трансляцияларын ресми тілге аударудың мүмкіндігін қарастырар. Тіпті солай болған күннің өзінде әріптестеріміз мәселеге түсіністікпен қараулары тиіс. Үкімет мәжілістерінің трансляциясы неге қандай да бір тілге аударылмайды, деп байбалам салуға да еш негіз жоқ. Өз отырысын басқа тілдерге аударатындай, бұл халықаралық жиын емес. Екінші жағынан, өзін сыйлайтын, өзгені де құрметтейтін әлемдік БАҚ-тар да бір елде тілші ұстағысы келсе, оны не сол елден таңдайды, не сол елдің тілін білетін өз тілшісін тағайындайды. Бұл тәжірибені ешкім жоққа шығара алмас, олай болса, әріптестеріміз уақытын бос байбаламға құртпай, тіл үйренуге жұмсағаны ләзім.