19:13, 22 Сәуір 2009
Үкіметтің жұмыссыздықтың алдын алу қарекеті нәтижесін беруде
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемдік қаржылық дағдарыстың кейінгі толқыны әлеуметтік дағдарысқа ұласатыны жайында болжамдар жасалып еді, қазіргі күндері осындай нақты көріністер дүниежүзінің бірқатар елдерін шарпып отыр. Алпауыт компаниялардың құлдырауы, ірі кәсіпорындардағы өндіріс күшінің азаюы жаппай жұмыссыздықтың өсуіне әкеп соғуда.
Сондықтан да дағдарыспен күрестегі негізгі мәселе жұмыссыздықтың өсуін тоқтату және жұмыс орындарын сақтап қалуға бағытталып отыр.
Яғни, толқындап, қайталанып отырған дағдарыс салдарымен күресудегі негізгі басымдықтардың орны да ауыса бастаған сыңайлы. Мәселен, былтырғы жылдардан бері банктік-қаржылық сектор үлкен қауіп тудырса, ендігі күні Үкіметтің қолға алған әрекеттері нәтижесінде ондай қауіп бәсеңсіген сыңайлы. Бірақ, дағдарысқа қарсы басымдықтарды ауыстыру үрдісінде әлеуметтік саланың ауыр соққы алмауына алаңдаған өте орынды. Сондықтан да Үкімет бірінші тоқсанда қай сала болмасын мониторингтік бақылау шараларын, оның ішінде экономиканың «жанды нүктесі» болып табылатын еңбек нарығын уыста ұстауды күшейтті. Бұл өз кезегінде жемісін де беріп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы Үкімет ең алдымен әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтары бойынша ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етуді қолға алған болатын. Бұндай мақсатты жүзеге асыру үшін жұртшылықтың жұмыстан айырылу қаупін болдырмау және дағдарыс жағдайында жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек нарығындағы жағдайды үнемі бақылауда ұстау шараларына алдымен назар аударылды. Атқарушы биліктің 2009 жылғы алғашқы тоқсанындағы қорытындыларын қарастырсақ, дағдарысқа қарсы бағдарламаны тиімді атқарудың нәтижесінде әлеуметтік саясатта жағдай қалыпты болғанын байқаймыз. Дегенмен де, еңбек нарығындағы ахуал бұрынғы жылдарға қарағанда біршама нашарлаған. Әрине, бұл үдеріс те әлемдік дағдарыстың салдарына қатысты болып табылады. Мәселен, 2008 жылдың қазан-желтоқсан айларында жұмыспен қамтылған халықтың саны 126,2 мың адамға қысқарса, жұмыссыздардың саны 12,6 мың адамға көбейді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында олардың саны тағы 30 мың адамға өсіп, сәуірдің 1-індегі жағдай бойынша 589,6 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайыздан 7 пайызға дейін көтеріліпті. Тұтастай алғанда елімізде жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың жалпы саны 378 мың адамды құрайды. Сонымен бір мезгілде, бұндай серпін тек құлдырауға қарай ойнап отырса, онда жағдай мүшкілдене түсер еді. Ал үкіметтік іс-қимыл сондай құлдыраудың алдын алып отыр. Мәселен, өткен үш ай ішінде Қазақстанда 60 мың 244 жаңа жұмыс орындары ашылған. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының саны 40 мыңға жуықтайды. Үкіметтің бастамасымен Кәсіподақтар Федерациясының және «Атамекен» одағының қолдауымен ірі компаниялар бойынша жұмыс орындарын сақтап қалуға байланысты 4 мың 569 меморандумға қол қойылса, олардың 90 пайызға жуығы орындалып отыр. Әрине, бұндай меморандумдардың заңдық күші соншалықты қуатты емес. Дегенмен де, соңғы уақытта Үкімет меморандум талаптарын міндетті орындауға бақылау жасайтынын мәлімдеп, қажет жағдайда әкімшілік ресурстарға ерік беретінін де білдіріп қалды. Қарапайым азаматтардың мүддесін қорғап, мұқтаждығын жоқтайтындықтан да Үкіметтің бұндай әрекеті мейлінше қолдауға тұрарлық шара болып табылады.
Сонымен бірге, жұмыссыздықты болдырмау арқылы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бұрыннан назарда болса, қазіргі жағдайда оған қатысты басымдық арта түседі. Елбасы Жолдауынан туындаған Үкіметтің «Жол картасы» да негізгі күшті өңірлердегі жұмыспен қамту мәселесіне арнап отыр. Сонымен бірге, кәсіби біліктілікті арттыру, мамандар даярлау мен қайта даярлау мәселесі де жіті назарда болуы жағдайға оң әсер береді. Үкімет қорытындыларына сәйкес, өткен үш айда еңбекпен қамту органдарына өтініш жасаған азаматтардың 42 мың 174-і жұмыспен қамтылса, 7 мың 563 жұмыссыз кәсіби біліктігін арттыру үшін қайта даярлаудан өткен. Бүгінгі күні жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау мәселесіне қатысты ведомствоаралық комиссия құрылып, онда өңірлік еңбекпен қамту стратегиясын жүзеге асыру тетіктері әзірленіп, бекітіліп жатыр. Дағдарысқа қарсы бағдарлама негізінде жергілікті атқарушы органдар Жұмыспен қамту картасын жасап, жұртшылықтың жұмыспен қамтылуына қатысты тиімді әрі оңтайлы жолдарды қарастыруда.
Шындығында, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы шағын және орта бизнесті, сондай-ақ жұмыспен қамту жүйесін қолдау сияқты нақты екі бағытпен күшейтіліп отыр. Осы екі бағыт дағдарыс салдарын мейілінше азайтуға себеп болатыны да түсінікті. Ең бастысы үкіметтік әрекет дер уақытында әрі сапалы шығуы шарт. Ал жұмыссыздықтың нақты өзгерісін біліп, оның алдын алуды қамдау үшін де еңбек рыногына ұдайы мониторинг жасап тұру, болжам жасау жүйесін жақсарту маңызды болып табылады. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына 2009 жылғы басты міндеттің бірі ретінде дәл осы мәселені жүктеуі де сондықтан.