ҰҚК: Шымкентте Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкеріне қатысты тергеу басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде тараған Шымкент қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерінің ұсталғаны туралы ақпаратқа байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісіне ҰҚК мәлім етті.

Фото: open.shymkent әлеуметтік желісі

2 наурыз күні әлеуметтік желілерде ер адамның жол жиегінде тұрған автокөлік жанында арнайы қызмет өкілдері тарапынан ұсталған сәті түсірілген фото жарияланды.

Желі қолданушыларының жазуынша, ҰҚК-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Шымкентте қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерін пара алды деген күдікпен ұстаған болуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, пара көлемі шамамен 300 мың теңгені құраған.

Бұған дейін СҚО-да түзеу мекемесінің бастығы ұсталғанын ҰҚК растады.

Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметі 60 млн теңгелік темекі контрабандасының жолын кесті.