Үкімет энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға назар аударады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысын талқыға салады.

Коллаж: Kazinform

Отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Онда ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ернар Хасенов, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов тілшілер сұрағына жауап береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы жылу электр орталықтарында қысқа дайындық аясында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлағанбыз. 2026 жылы ел бойынша 9 энергоблокқа, 55 қазандыққа және 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Фото: Валерий Бугаев

Энергетика нысандарындағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалып жатыр. Үкіметтің баспасөз қызметі кейбір ЖЭО-ларда жөндеу барысында бұрын анықталмаған жасырын ақаулар табылып, оларды жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта екі энергоблок толық дайын болса, тағы екі энергоблокта жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар 13 қазандыққа күрделі жөндеу аяқталған, 27 қазандық бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 8 турбина пайдалануға беріліп, 16 турбинада жөндеу кезеңінде.

— Бұдан бөлек, қосалқы жабдықтардың 500-ден астам бірлігін қамтитын жоспарлы жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Электр желілері мен жылу магистральдарын жаңарту жұмыстары да қатар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда шамамен 6,3 мың шақырым электр беру желісі, 135 қосалқы станса және 1 253 тарату пункті жөнделді.

Жыл соңына дейін 17 мың шақырымнан астам электр беру желісін және 3,4 мыңнан астам тарату пунктін жаңарту жоспарланып отыр.

Фото: Алматы әкімдігі

— Жылу желілері бойынша республика көлемінде жоспарланған 377 шақырым құбырдың 65 шақырымы пайдалануға дайын. Қазіргі уақытта тағы 278 шақырым жылу желісінде жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Барлық жөндеу жұмысы белгіленген мерзімде орындалып жатыр, жоспардан кешігу жоқ, — деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, биыл электр стансаларын жөндеуге энергия нысандарының меншік иелері 384 млрд теңге бөліп отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 9%-ға көп.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаржы электр энергиясы тарифі есебінен қалыптасады. Әрбір станса жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте қажет ететін ең тозған учаскелерді өз бетінше анықтап, жаңарту жұмыстарын жүргізеді.

2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық кезінде де энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуға қомақты қаражат бағытталған. 2025 жылы электр стансаларын жөндеуге 348 млрд теңге жұмсалды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6% артық. Сонымен қатар жылу желілерін жаңартуға 129 млрд теңге бөлініп, көрсеткіш бір жыл ішінде 16% өсті.

Жүргізілген жұмыстар аясында электр стансаларында 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбина күрделі жөндеуден өтті. Электр желілерінде 17 мың шақырым электр беру желісі мен 420 қосалқы станса жаңартылып, 323 шақырым тозған жылу желісі ауыстырылды.

Фото: Үкімет

Нәтижесінде энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігі артып, жабдықтардың тозу деңгейі төмендеді. Электр стансаларындағы тозу көрсеткіші 53%-ға, жылу желілерінде 50%-ға, ал электр желісі нысандарында 66,2%-ға дейін азайды.

2025 жылғы желтоқсан айындағы ең жоғары жүктеме кезеңінде энергетикалық жүйе 17,3 ГВт қуат өндіріп, қысқы кезеңдегі қажеттілікті қамтамасыз етті. Соның арқасында тұрғын үйлердегі температуралық режимнің бұзылу жағдайлары үш есеге қысқарды: 65 жағдайдан 21 жағдайға дейін төмендеді. Сонымен қатар электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 15%, электр желілеріндегі ақаулар 12% азайды.

Алдағы жылыту маусымына дайындық кезінде тәуекелі жоғары нысандар ерекше бақылауда тұр. Қазіргі таңда «қызыл» аймақта бес жылу энергетикалық нысан бар: Семей, Орал және Тараз қалаларындағы ЖЭО, Ақтау қаласындағы ЖЭО-2 және Теміртаудағы ГРЭС-1.

Жыл қорытындысы бойынша электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Аталған салада бұдан өзге де жаңалықтар мен жетістіктер бар. Мәселен, энергетикадағы ақауларды дер кезінде анықтауға енді дрондар мен жасанды интеллект қолданылмақ.

Цифрлық құралдар гидротехникалық құрылыстарды мониторингтеу кезінде де пайдаланылады. Аэрофототүсірілім және тепловизиялық бақылау деректерін талдау бөгеттердің тұтастығындағы бұзушылықтарды уақытылы анықтауға және технологиялық тәуекелдердің алдын алу бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Цифрландыру жылы аясында Қазақстанның энергетика саласында заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда. Энергетика министрлігі энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін, өндірістік процестердің тиімділігін және персоналдың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық трансформацияға ерекше назар аударады.

Жаңа цифрлық шешімдер электр беру желілерін, трансформаторларды, түтін мұржаларын, көмір қоймаларын және гидротехникалық құрылыстарды тексеруді автоматтандыруға жол ашады. Жасанды интеллект алынған деректерді автоматты түрде талдап, ақауларды ерте кезеңде анықтап, оларды жою бойынша ұсынымдар қалыптастырады.

— Атап айтқанда, электр беру желілері мен энергетикалық жабдықтарды ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен тексеру инспекция жүргізу уақытын 5–10 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Ал түтін мұржаларын тексеру бұрын бірнеше күнді қажет етсе, енді шамамен екі сағаттың ішінде жүзеге асырылады. Бұл ретте қызметкерлердің биіктікте жұмыс істеу қажеттілігі толықтай жойылады. Сонымен қатар, аэромониторинг технологиялары көмір қорларын бақылау үшін де қолданылады. Аэрофототүсірілім негізінде қоймалардың үш өлшемді модельдері жасалып, жасанды интеллект көмір көлемін автоматты түрде 99%-ға дейінгі дәлдікпен есептейді. Деректерді өңдеу уақыты бірнеше күннен 20 минутқа дейін қысқарды, — делінген хабарламада.

Цифрлық құралдар гидротехникалық құрылыстарды мониторингтеу кезінде де пайдаланылады. Аэрофототүсірілім және тепловизиялық бақылау деректерін талдау бөгеттердің тұтастығындағы бұзушылықтарды уақытылы анықтауға және технологиялық тәуекелдердің алдын алу бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект пен цифрлық мониторинг технологияларын енгізу энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін, өндірістік процестердің тиімділігін және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді. Бұл Энергетика министрлігінің энергетика саласын цифрлық трансформациялау жөніндегі стратегиялық бағытына толық сәйкес келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан энергетикасының киберқауіпсіздігі күшейтілетінін жазғанбыз.