Үкімет Қазақстанның 2030 жылға дейінгі сауда саясаты тұжырымдамасын бекітті
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан 2030 жылға дейін сауда саласын цифрлық технологияларға негізделген, ашық әрі тиімді экожүйеге айналдыруды көздейді. Сауда ел экономикасының ең ірі секторларының бірі болып қала бермек. Жаңа тұжырымдама заманауи сауда инфрақұрылымын қалыптастыруды, отандық өндірушілерді қолдауды, экспортты ұлғайтуды және тұтынушылар құқығын қорғауды күшейтуді мақсат етеді. Аталған құжат биыл 27 қарашадан бастап күшіне енді.
Үкіметтің мәліметінше, сауда экономиканың негізгі салаларының бірі болып қала береді. 2024 жылы осы салада 1,5 миллионнан астам адам жұмыс істеген, бұл елдегі барлық жұмыс істейтіндердің 16,6%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда сала 228 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Сонымен қатар былтыр сауда секторында 806 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, Қазақстандағы барлық кәсіпорындардың үштен бірінен астамын құрады.
2030 жылға дейінгі сауда саясатының миссиясы ол ішкі және сыртқы нарықтарда тауарларды өндіру, сақтау және өткізу арасындағы тұрақты да ашық байланысты қалыптастыру.
Мұндай жүйе барлық қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауы тиіс:
Тұтынушыларға - отандық және шетелдік тауарларға әділ бағамен қол жеткізу;
өндірушілерге - болжамды өткізу арналары;
бизнеске - заңды әрі ыңғайлы жұмыс жағдайлары.
- Тұжырымдама сауданың цифрлық технологияларға, сауда процестерінің жоғары тиімділігіне, адал бәсекелестік қағидаттарына, тұтынушылардың мүддесін қорғауға, отандық өндірісті қолдауға, жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялануға және Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі сауда-логистикалық хаб ретінде дамуына негізделген экожүйесін қалыптастыруға бағытталған, - делінген құжатта.
Сауда өз басымдықтары, сын-қатерлері және даму стратегиясы бар дербес экономика саласы ретінде қарастырылады. Негізгі мақсат ел мен азаматтардың экономикалық мүдделерін қорғау.
Дамудың үш негізгі бағыты заманауи сауда экожүйесін қалыптастыруды, отандық өндірісті қолдау мен экспортты ұлғайтуды, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуді қамтиды.
Заманауи сауда экожүйесін құру саланың цифрлық трансформациясын, инновациялық технологияларды енгізуді, электрондық және биржалық сауда форматын дамытуды, сондай-ақ нарықтар мен көтерме алаңдарды цифрландыруды қамтиды.
Сонымен қатар тауарларды таңбалау және қадағалаудың ашық жүйесін құру, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау, франчайзинг пен кооперацияны дамыту, электрондық сауда туралы жеке заң қабылдау, ритейл форматтарын - сауда желілерінен бастап стрит-ритейлге дейін жаңғырту жоспарланып отыр.
Отандық өндірісті қолдау және экспортты арттыру саясаты «сатып ал-сат» моделінен «өндір-сат» моделіне көшуді көздейді. Бұл ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттырып, өңделген өнім экспортын өсіруге мүмкіндік бермек.
Осы мақсатта мемлекет тарифтік және тарифтік емес шараларды кеңейтеді, сондай-ақ жоғары қосылған құнды өнім экспорттаушыларын қолдауды күшейтеді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды нығайту үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау тетіктерін жетілдіру, нормалау мен сертификаттауды күшейту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға түзетулер енгізу жоспарланып жатыр.
Тұжырымдамада нақты мақсатты көрсеткіштер көзделген:
- саудадағы нақты көлем индексінің өсімі - 2025 жылғы 107%-дан 2030 жылға қарай 110,2%-ға дейін;
- еңбек өнімділігінің артуы - 121,9%-дан 171%-ға дейін;
- негізгі капиталға салынатын инвестициялардың өсуі - 1,22 трлн теңгеден 2,7 трлн теңгеге дейін;
- сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету - 3,02%-дан 2,42%-ға дейін;
- биржалық сауданың үлесін ұлғайту - қазіргі 10%-дан 27%-ға дейін;
- электрондық сауда үлесінің өсуі - 15%-дан 20%-ға дейін;
- сауданың заманауи форматтарының үлесін арттыру - 44%-дан 72%-ға дейін;
- өңделген өнімнің экспортын ұлғайту - 41 млрд АҚШ долларынан 52 млрд долларға дейін;
- тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы реттеудің тиімділігін арттыру - 74,7%-дан 80,7%-ға дейін;
- Қазақстан эталондарының өлшемдік мүмкіндіктерін кеңейту - 3,4%-дан 14,5%-ға дейін.
Бұған дейін Алматыдағы бірқатар ірі сауда желісі бағаны негізсіз өсіргені үшін жауапқа тартылғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов министрлікке Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында сауда өкілдігін ашуға толық әзірлікті қамтамасыз етуді тапсырған еді.