Күн тәртібіне шығарылған мәселеле талқыланып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов тілшілер тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, тұтынушылар тұрақты жылумен қамтамасыз етілді. Электр станцияларындағы технологиялық ақаулар саны 15 пайызға төмендеп, температуралық кестенің сақталмау жағдайлары үш есеге қысқарды.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында ауқымды жөндеу науқаны басталды. Электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 4 энергия блогында, 18 қазандықта және 7 турбинада жұмыстар жүргізілуде, 1 қазандық пен 1 турбинаны жөндеу белгіленген мерзімде аяқталды.
Сондай-ақ биыл жалпы ұзындығы 17 098 шақырым электр беру желілеріне, 444 қосалқы станцияға, сондай-ақ 3 408 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларға күрделі жөндеу жүргізілуде. Аталған шараларды іске асыру электр желілерінің орташа тозу деңгейін 65,67 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Ел бойынша жылу желілерінде 377 шақырым күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде Энергетика секторын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2026 жылға 130 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту көзделген. Жалпы кешенді жұмыс жылу желілерінің орташа тозу деңгейін 48 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында экономика салаларына жасанды интеллектіні енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыға салынды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдегі бірқатар салаға жасанды интелекті қалай енгізіліп жатқанына тоқталды.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев геология саласында архив деректерін электрондық форматқа көшіру бойынша ауқымды жұмыс істелініп жатқанына назар аудартты.
Бүгінде геологиялық ақпараттың 97 пайыздан астамы, яғни шамамен 250 терабайт дерек цифрландырылды. Жұмысты жеделдету үшін архив материалдарын автоматты өңдеп, геологиялық модельдер қалыптастыратын жасанды интеллект жүйесі әзірленді. Цифрланған деректер бірыңғай Big Data жүйесінде жинақталады.
Қазір жүйеге 1 терабайт дерек жинақталып, олар жасанды интеллект арқылы өңделіп, іріктеліп жатыр.
— Жасанды интеллект координаттарды анықтап, маңызды деректерді іріктейді және жүйелеу уақытын қысқартып, шешім қабылдау сапасын арттырады. Өңделген деректер негізінде жер қойнауы картасы әзірленді. Жүйе ақпаратты ыңғайлы форматта фильтрлеуге, талдауға және перспективті учаскелерді тез анықтауға мүмкіндік береді, - деді ол.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жаңартылатын энергия көздері объектілерінің генерациясын болжау үшін жасанды интеллекті қолданыла бастағанын айтты.
— Жүйе ауа райы, өткен генерация және ағымдағы жағдайларға сүйеніп, электр өндіруді бір тәулікке алдын ала болжайды. Пилот KEGOC және Самұрық-Энерго объектілерінде өтуде әрі қарай барлық ЖЭК нысандарына масштабтауға мүмкіндік бар. Нәтижесінде жаңартылған энергия көздерінің өндірісіндегі ауытқулар 25 пайызға азаяды, соның арқасында жылына шамамен 1,2 млрд теңге үнемделеді, — деді министр.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев автомобиль көлігі саласында жүк тасымалын интеллектуалды бақылау жүйесі енгізіліп жатқанына тоқталды. Жасанды интеллект көлік маршруттарын анықтайды, салмақ өлшеу станцияларымен деректерді салыстырады, ереже бұзу деректерін анықтайды және автоматты түрде сигнал береді. Бұл салмақ бақылауын айналып өту жағдайларын жояды және жолдардың тозуын азайтады.
— Министрліктің ішкі процестеріне трансформация жүргізуге ерекше назар аударылған. Бұл жұмыс Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Қазір көп уақыт құжаттарды қолмен өңдеуге кетеді және 30 күнге дейін уақыт алады. Жасанды интеллект енгізілгеннен кейін бұл мерзім 3 күнге дейін қысқарады, — деді министр.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин биыл қарашада AI-Farabium IІ суперкомпьютері іске қосылатынын атап өтті.
Оның айтуынша, Алматы қаласында әлемдегі ең өнімді 500 суперкомпьютер қатарына кіретін AI-Farabium I суперкомпьютері іске қосылды. Бүгінде ол әлемдегі суперкомпьютерлер арасында 103-орында тұр. Сонымен қатар қазіргі уақытта оның есептеу қуаты 100 пайыз қолданылады.
— Мұнан бөлек жаңа деректерді өңдеу орталықтар құрылып жатыр. Биыл қараша айында Қосшы қаласындағы суперкомпьютерді іске қосу жоспарланған. Оны AI-Farabium IІ деп атадық. Оның өнімділігі Алматыдағы суперкомпьютерден 3 есе арттық, 4,3 мың петафлопс болады, - деді ол.
Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін шашыраңқы деректерді ретке келтіру қажеттігіне назар аудартты.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, кәсіпорындардың көпшілігіне, әсіресе шағын және орта бизнес үшін жасанды интеллект күрделі әрі қол жеткізе алмайтын құрал болып отыр. Мұның негізгі себептері — құзыреттердің, ресурстар мен нақты іске асыру тетіктерінің жетіспеушілігі.
- Сондықтан Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шағын және орта бизнес саласында жасанды интеллектіні енгізуді ынталандыру тәсілдерін әзірлеуі қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағытта жаңа мамандарды даярлаумен қатар, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген кадрларды қайта даярлап, аталған мәселеге баса мән беруге тиіс, — деді Премьер-министр.