Үкімет ЖИ негізіндегі мемлекеттік қызметтерді дамытуға назар аударады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Үкімет мүшелері жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтер экожүйесі бағытындағы жұмыстарды талқыға салады.

Коллаж: Kazinorm / primeminister.kz / Nano Banana

Отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Онда ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова тілшілер сұрағына жауап береді.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы өткен айда Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялағанбыз.

Президенттің пікірінше, ЖИ экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар салаға айналып келеді.

Фото: Xinhua

— БҰҰ дерегіне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымына және онымен байланысты технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеппен 47 пайызға өскен. 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Демек, бір нәрсе анық: жасанды интеллектіні басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет. Сонымен қатар трансформация үдерісі геосаяси шиеленіс ушығып, ірі әлемдік державалар арасындағы сенімге селкеу түскен, жік-жікке бөлінген кезеңде жүріп жатыр. Өкінішке қарай, мемлекеттердің көбі қақтығыстарға тосқауыл қоюға мән бермейді, есесіне оның салдарын жоюға күш-жігерін сарқа жұмсайды. Жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйесін, превентивті дипломатияны, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік әрекеттерді күшейту арқылы бізге осы қисынсыз түсінікті өзгертетін тарихи мүмкіндік беріп отыр, — деді Мемлекет басшысы.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына тоқталған болатын. Президенттің пікірінше, еліміз технологиялық тоғысудың, цифрлық сауда мен халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды орталығына айналу үшін мол әлеуетке ие.

— Энергетикалық ресурстардың мол қоры, аса маңызды минералдар кеніштері, заманауи көлік дәліздері мен жедел дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылым нарықтарды, технология және инновациялық экожүйелерді өзара ұштастыруға тың мүмкіндік береді. Цифрлық трансформация ұлттық даму стратегиямыздың басым бағыттарының бірі саналады. Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды, — деді Президент.

Сонымен қатар, бұған дейін Тбилисиде БҰҰ Мемлекеттік қызметі форумы аясында «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект: тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдік» тақырыбында өңіраралық семинар өткен еді.

Фото: Kazinform

Іс-шараға Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірінің 12 елінен келген 40-тан астам мемлекеттік қызметші мен сарапшы қатысқан болатын.

Семинар барысында қатысушылар жасанды интеллектінің мемлекеттік сектордың тиімділігін арттырудағы мүмкіндіктерін, сондай-ақ есеп беру, ашықтық, инклюзивтілік және шешім қабылдау кезінде адамның жетекші рөлін сақтау мәселелерін талқылады.

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов жасанды интеллектінің дамуы мемлекеттік басқаруды жетілдіруге жаңа мүмкіндік беретінін айтты.

Фото: Kazinform

– Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы ашықтықты, деректерді қорғауды, адам құқықтарын сақтауды және тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл мүмкіндіктер мен сын-қатерлер халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды қажет етеді, – деді Әлихан Бәйменов.

Одан бөлек, Қазақстан Республикасының Үкіметі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (ЖИЦДМ) арқылы елімізді технологиялық тұрғыдан трансформациялауға бағытталған ауқымды жұмысты қолға алды. Іргелі жобалардың бірі – Ұлттық жасанды интеллект платформасы.

Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы – AI экожүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Бұл платформа жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге, сынақтан өткізуге, енгізуге және ауқымын кеңейтуге арналған бірыңғай технологиялық орта ретінде қарастырады.

Платформа сонымен қатар есептеу ресурстарына, тілдік модельдерге және жасанды интеллектіге негізделген қолданбалы шешімдерді әзірлеу құралдарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ ағымдағы сәт емес ЖИ агенттері мен цифрлық көмекшілер әртүрлі бағыттарда қолданылады: өтініштерді өңдеу, азаматтарға кеңес беру, құқықтық көмек, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметшілерді қолдау және күнделікті процестерді автоматтандыру.

eGov AI интеллектуалды кеңесшісі 2 млн-нан астам сұранысты өңдеп, байланыс орталықтары мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтты. Алдағы уақытта eGov AI мен AlemGPT платформаларын дамыту азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын барынша ыңғайлы етуге бағытталады. Бұл үшін пайдаланушылар қажетті қызметті немесе порталдағы бөлімді өздігінен іздемей-ақ, табиғи диалог арқылы мемлекеттік қызметтерді алып, қажетті ақпаратқа оңай қол жеткізе алады.

Жасанды интеллект агенттерін енгізудің нақты мысалдары ретінде газ есептегіштерінің көрсеткіштерін автоматты түрде тіркеу, терапевт дәрігерлерге көмек көрсету, құқықтық кеңес беру, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға арналған қолданбалы цифрлық құралдар атап өтіледі. Мемлекет басшысының қолдауымен Astana Smart City қалалық басқару жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған AI-Driven Government жобалық кеңсесі іске қосылды.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-ші орында тұр. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90,4%-ы электрондық форматта көрсетіледі, ал 95,9%-ын смартфон арқылы алуға болады. Сондай-ақ қағаз құжаттардың толық баламасы болып саналатын 39 түрлі цифрлық құжат енгізіліп, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуын бұрынғыдан да жеңіл әрі қолжетімді етті. 2025 жылдың басынан бері 51,5 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Тамыз айында eGov Mobile мобильді қосымшасы eGov AI интеллектуалды іздеу жүйесімен жаңартылды. Сонымен қатар eGov.kz порталы арқылы 25,7 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, eGov Business сервисі 4,6 млн сұранысты өңдеді.

2025 жылы экономиканың 72 саласын қамтитын 20 цифрлық трансформация картасы бекітілді. Сондай-ақ бірыңғай Smart Region моделіне көшу жүзеге асырылды. Оның аясында өңірлердің цифрлық дамуын бағалайтын ұлттық стандарт енгізілді. Бұл стандарт 16 негізгі бағыт пен тиімділіктің 90 көрсеткішін қамтиды.

Еске салайық, бұған дейін ЕАЭО аясында жасанды интеллект пен кедергісіз саудаға басымдық берілетінін жазғанбыз.