Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтар елге қалай жеткендерін айтып берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Украинадан Алматыға арнайы рейспен ұшып келген қазақстандықтар елге Польша арқылы жеткендерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлығы жақсы ұйымдастырылған. Жол ұзақ болды, қатты шаршадық», - дейді келген жолаушылардың бірі.

«Біз Польшадан тікелей рейспен ұштық. Мен Киевте болдым. Бұл бірінші рейс, үш автобус болды. Шекарада бір күн тұрдық (Украина мен Польша – автор). Бәріміз есеңгіреп қалдық», – дейді Руслан есімді жолаушы.
«Рахмет, біз үйдеміз. Біз Конотоп қаласында тұрдық. Украинаға жұмыс бабымен бір жыл бұрын көшкен болатынбыз. Ол жақтан бейсенбі күні автобуспен шықтық, Польшаға кеше ғана жеттік. Осы уақыт бойы жолда жүрдік», – дейді қазақстандық.
Тағы бір қазақстандық Жансерік Сейтмұратов Қазақстанның Украинадағы Елшілігіне көрсеткен көмектері үшін алғысын білдірді.
«Біз Уман қаласында семинарда болдық. Ол жерге ақпанның 21-і күні ұшып барғанбыз. Бүгін елге қайтып оралдық. Барлығы жақсы ұйымдастырылған. Консулға рахмет», - деді Жансерік.
Киевте бірнеше жыл тұрған Гауһар есімді қазақ әйелі де Қазақстан елшілігіне ризашылығын білдірді.
«Біз қаладан операциялар басталған бойда шықтық. Бастапқыда кетеміз бе, кетпейміз бе деп ұзақ ойландық, бірақ сиренаның даусын естіген кезде кетуге бел будық. Құжаттардан басқа ешнәрсе алмадық. Украиналық достарымыз сол жақта қалды. Елшіліктен хабар алған бойда Львовқа жол тарттық. Украиндар өте ұйымшыл. Олар бізге тамақ әкеліп берді. Мен балалар үшін қатты уайымдадым. Қазақстан елшілігіне рахмет. Бізді Польша шекарасына дейін шығарып салды. Осы 19 шақырымды тез жүріп өттік, сосын кезекке тұрдық», – деп еске алады Гауһар.
Айта кетсек, кеше түнде 175 қазақстандық мінген «Эйр Астана» борты Алматы әуежайына келіп қонған еді, олардың ішінде алты бала бар.