Украинаның жаңа үкіметі осы аптада жасақталып бітеді

АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Украина Президенті Виктор Янукович, «Қуатты Украина» партиясының жетекшісі Сергей Тигипко жаңа үкіметте вице-премьерлікке ең лайық кандидатура деп санайды.

Бұл туралы Янукович бүгін Тигипкомен болған кездесуден кейін журналистерге мәлім етті, деп хабарлайды «Маяк» радиостансасы.

"Сергей Тигипко парламенттік партиялардың ешқайсысына кірмейді. Украина халқы өткен сайлауда оған жақсы қолдау көрсетті. Тигипко - экономикалық блокты басқаруға лайықты кандидатура», - деп атап көрсетті Украина Президенті өз сөзінде.

Бұл кездесуде Тигипко жаңа үкіметте жұмыс істеуге келісті. Әзірге, бейресми мәліметтер бойынша, жаңа үкімет ағымдағы аптаның соңына дейін жасақталады. Премьер-Министр Николай Азаров болады.