Ғалымдар органоидтарды он жылдан астам уақыт бойы өсіріп келеді. Зерттеулер көрсеткендей, көлемі бір миллиметрден аспайтын бұл шағын тін үлгілері белгілі бір аурудың әр адамда қалай дамитынын және науқас тіндерінің дәрі-дәрмектерге қалай жауап беретінін зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлер мен зерттеушілерге нақты пациент үшін ең тиімді емді тезірек анықтауға көмектесуі мүмкін.
Зерттеушілердің айтуынша, жануарларға жүргізілетін дәстүрлі сынақ адам ағзасының дәріге әсерін әрдайым дәл көрсете бермейді.
Жануарларға жасалған сынақтан сәтті өткен препараттардың 90%-дан астамы кейін адамдарға жүргізілетін клиникалық сынақтан өте алмай қалады.
Қазіргі уақытта АҚШ пен Еуропаның дәрі-дәрмекті реттеуші органдары балама әдістер қолжетімді болған жағдайда, соларды пайдалануды ұсынады.
— Адамның көптеген ауруы жануарларда мүлдем кездеспейді немесе оларда басқаша өтеді, өйткені жануарлар адам емес. Бізге қандай емдеу әдістерінің нәтиже беретінін және қай пациенттерге сәйкес келетінін көрсете алатын тесттер мен модельдер қажет. Тышқан бізге мұны айтып бере алмайды, — деді Кембридж университетінің Дің жасушалары институтының клиникалық педиатриялық гастроэнтерология профессоры Маттиас Цильбауэр.
Кембриджде £20 млн көлемінде қаржыландырылатын арнайы зерттеу орталығы құрылады. Онда ғалымдар мен фармацевтикалық компаниялар үшін стандартталған органоидтар кітапханасын жасақтау жоспарланған.
Бастапқыда зерттеушілер Крон ауруы мен ойық жаралы колитті, сондай-ақ қатерлі ісіктер мен неврологиялық ауруларды зерттеуге арналған органоидтарды жасамақ.
Бұл жоба Ұлыбританияның ғылыми зерттеулерде жануарларды пайдалануды азайтуға бағытталған ұлттық стратегиясының бір бөлігі саналады. Дегенмен ғалымдар жақын болашақта жануарларға жүргізілетін сынақтардан толықтай бас тарту әзірге мүмкін емес екенін атап өтті.
Бұған дейін ЖИ алғаш рет өмір сүруге қабілетті жаңа вирустарды жасап шығарғаны хабарланған еді.