Бәсеке басталғалы бері саясаткерлер уәделерін үйіп-төгіп жатыр. Консерваторлар 18 жасқа толғандар үшін жалпы әскери қызметті қайтаруды ұсынды. Ресми түрде 1963 жылдан бері Ұлыбританияда бұл үрдіс тоқтатылған. Сунак әлемдегі соңғы оқиғалар осы тәжірибеге қайта оралуға мәжбүрлеп отыр деп санайды. Жаңа бастама әскерге толыққанды шақыру дегенді білдірмейді – Қарулы күштер қатарына тек қиын сынақтардан өткендер ғана қабылданады.
– Біздің демократиялық құндылықтарымызға қауіп төніп тұрғанына күмән жоқ. Сондықтан жастарды 12 ай бойы ұлтқа қызмет етуге шақырғымыз келеді. Немесе олар демалыс күндері айына бір рет әлсіздерге азық-түлік жеткізетін, іздеу-құтқару жұмыстарына қатысатын еріктілер қатарына қосыла алады. Осылайша өскелең ұрпақ құнды дағдыларды бойына сіңіріп, елімізді қауіпсіз ете түседі, - дейді Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак.
Бірақ бұл жоспардың бюджетке салмақ салатын түрі бар. Жыл сайын екі жарым миллиард фунт көлемінде қаражат қажет етпек. Бұдан бөлек талаптарға жауап беретін инфрақұрылым құру керек. Риши Сунак осылайша қарсылас Реформалар партиясының сайлаушыларын өз жағына тартуға тырысып бағуда. Өйткені реформаторлар қатарында дәл осы идеяның жақтаушылары көп. Сунактың басты оппоненті - Лейбористер партиясының көшбасшысы, өз кезегінде, дауыс берудің ең төменгі жасын 18-ден 16-ға дейін азайтуды ұсынды. Ал Торилердің бастамасын сандыраққа балады.
– Бұл жоспар миллиардтаған шығынға батыруы мүмкін. Торилер қарулы күштерді қаржыландыруды Наполеон заманынан бері болмаған ең төменгі деңгейге түсіргендіктен осындай қадамға барып отыр. Ұлыбритания 14 жылға созылған бейберекетсіздікті тоқтатуды жоспарламайтын таяз ойлы консерваторлардан жалықты. Елді қайта қалпына келтіруге тек Лейбористер көмектеседі, - дейді Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.
«Жанкешті», «ессіз», «ебедейсіз» – британ басылымдары Риши Сунактың жалпыға бірдей әскери міндет енгізу жоспарын осылай сипаттады. Қаражаттың, инфрақұрылымның және мамандардың жетіспеушілігі былай тұрсын, жастардың әскери қызмет етуге деген құлшынысы жоқ. Тіпті, демалыс күндерінде де. Зерттеулерге сәйкес консерваторлар лейбористерден артта келеді. Жаңа сауалнама екі партия арасындағы алшақтық 30 пайызға жуықтағанын көрсетеді.
– Менің ойымша, лейбористер жеңіске жетеді. Өйткені халықтың Торилерден құтылғысы келіп жүр. Ең өкініштісі, ел азып-тозды, ұлттық денсаулық сақтау қызметі қажыды. Мұндай деңгейге түсіп кету үшін жылдар қажет болды. Одан шығу үшін де енді біраз уақыт керек, - дейді көше жүргіншілерінің бірі.
Тағы бір Лондон тұрғыны тарихи тұрғыдан алып қарағанда Торилерге дауыс беріп келгенін, бұрынғы саяси көзқарасымнан алыстағанын, өйткені партиялардың ешқайсысына сенбейтінін айтады.
Сунак елдегі инфляция деңгейі 2%-ға дейін төмендегенін айтып, сүйінші сұрап жүр. Бірақ сайлаушылар қымбатшылық қалтамызды әлі де қағып жатыр деп шағымданады – 2-3 жыл бұрынғы бағалар бұдан арзан еді дейді олар. Консерваторлар билікте ұзақ отырып, біраз былыққа батты. Пандемия кезінде бұрынғы премьер-министр Борис Джонсон сауық кешін ұйымдастырып, халықтың ашуын туғызды. Одан кейін ел басқарған Лиз Трасс шағын бюджетімен әп-сәтте ел экономикасын құлдыратып тастады. Босқындарды Руандаға жіберіп, Ла-Маншты қайықпен жүзіп өтетіндерге тосқауыл қоямын деген қазіргі үкімет басшысына да сенім жоқ.
– Премьер не айтса да экономика әлі әлсіз. Өсу қарқыны өте баяу. Инфляция мардымсыз деңгейде төмендеді. Мемлекеттік қызметтердің хәлі мүшкіл, әсіресе Ұлттық денсаулық сақтау қызметі. Сунакты білікті әрі мықты саясаткер деп жұрт санамайды. Көші-қон мәселесіне келгенде де консерваторларға сенбейді. Партия ішінара бөлінген деген ұғым қалыптасып отыр, - дейді Патшайым университетінің профессоры Тим Бэйл.
Ұлыбритания парламенті Лордтар және Қауымдар палатасынан тұрады. Екіншісінің рөлі маңыздырақ болғанымен, оны төменгі палата деп атайды. 4-ші шілдеде сайлаушылар заң шығарушы органның барлық 65 мүшесін 5 жылдық мерзімге сайлайды. Көпшілік дауыс жинаған партия Қауымдар палатасындағы орындардың басым бөлігін алады немесе коалиция құрған партиямен бірлесе отырып, келесі үкіметті құрады. Ал оның көшбасшысы премьер-министр болады.