– Жуырда сауда комиссары қызметіне кірістіңіз. Ұлыбритания мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуда қандай негізгі басымдықтарға назар аударасыз? Қандай жаңа бастамалар қолға алынуы мүмкін және қай салалардың әлеуеті жоғары?
– Басты мақсатым – Ұлыбритания мен Орталық Азия арасындағы сауда көлемін барынша ұлғайту. Қазір өңір елдерімен жалпы сауда айналымы шамамен 5 млрд фунт стерлингті құрайды. Соның 2,7 млрд фунты Қазақстанға тиесілі. Бұл Қазақстанның өңірдегі ең ірі әрі негізгі серіктесіміз екенін көрсетеді. Сонымен бірге бұл бағытта өсім әлеуеті әлі де жоғары.
Қазақстан табысты әріптестіктің нақты үлгісіне айналды. Ұлыбритания елдегі ең ірі он инвестордың қатарына кіреді. Біз өзара ынтымақтастықты стратегиялық маңызы зор салаларда жүйелі түрде тереңдетіп келеміз. Олардың қатарында аса маңызды пайдалы қазбалар, ядролық энергетика, аэроғарыш өнеркәсібі және инфрақұрылым бар.
Қаржылық байланыстар да нығайып келеді. Қазақстан Лондон қор биржасында еурооблигациялар орналастыру арқылы шамамен 1,5 млрд фунт стерлинг тартты. Сонымен қатар өндірістік серіктестік те тұрақты өсім көрсетіп отыр. Мұның нақты нәтижелері де бар. Жақында Air Astana әуе компаниясы өз тарихындағы ең ірі келісімдердің бірін жасап, 50-ге дейін Airbus ұшағына тапсырыс берді. Бұл ұшақтардың қанаты Бристольде жобаланып, Солтүстік Уэльсте құрастырылған. Яғни, бұл британдық өндірістің жаһандық жеткізу тізбегіндегі рөлін айқын көрсетеді.
Білім беру саласы да серіктестіктің маңызды бағытына айналды. Coventry University, Heriot-Watt University, De Montfort University және Cardiff University секілді жоғары оқу орындары Қазақстандағы жұмысын кеңейтіп, Алматы мен Ақтөбеде жаңа кампустар ашып, әріптестікті күшейтіп жатыр.
Жалпы, менің назарым екі ел арасындағы компаниялар мен ұйымдардың өзара қызметін кеңейтуге, жаңа мүмкіндіктер ашуға және нақты экономикалық нәтиже беретін жобаларды қолдауға бағытталған.
– Ақпан айында Лондонда өткен «Орталық Азия – Ұлыбритания» (CA5 1) форматындағы алғашқы кездесу жаңа диалог алаңының маңызды бастамасына айналды. Оның аясында Біріккен Корольдік тарапынан форматты одан әрі институционалдық деңгейде дамыту, соның ішінде тұрақты өңірлік бизнес-форумдар өткізу немесе арнайы «Орталық Азия – Ұлыбритания» инвестициялық саммитін ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып отыр ма?
– Әрине, бұл бағытта нақты көзқарас бар. CA5 UK форматындағы кездесу биыл жоспарланған «Ұлыбритания – Қазақстан» Үкіметаралық комиссиясының 12-отырысының логикалық жалғасы ретінде қарастырылады. Бұл өзара іс-қимылдың бір реттік емес, жүйелі сипатқа ие екенін көрсетеді.
CA5 UK форматы Орталық Азияның бес елінің сыртқы істер министрлерін Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Иветт Купермен біріктіріп, диалогтың негізгі өзегін сауда, инвестиция және өңірлік өзара байланыс сияқты практикалық бағыттарға шоғырландырды. Яғни, басты мақсат – саяси пікір алмасудан гөрі нақты экономикалық нәтижелерге жақындау.
Мұны геоэкономикалық тұрғыдан қарасақ, өңірдің стратегиялық маңызы айқын байқалады. Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүк тасымалының шамамен 85 пайызы осы аймақ арқылы өтеді, ал Қазақстан аумағының өзі 13 ірі транзиттік дәліздің торабында орналасқан. Демек, мәселе тек географияда емес, осы артықшылықты нақты коммерциялық мүмкіндікке айналдыруда болып отыр.
Логикаға сүйене отырып, CA5 UK форматын тек диалог алаңы ретінде емес, нақты іске бағытталған платформа ретінде дамыту көзделеді. Бұл – пікірталас шеңберінен шығып, мақсатты бизнес-форумдар ұйымдастыруға, инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізуге және салалық ынтымақтастықты тереңдетуге арналған тетік. Осы үдерісте өңірдегі ең ірі экономика ретінде Қазақстан негізгі рөл атқарады. Басты мақсат – әсіресе инфрақұрылым, тау-кен өндірісі және энергетика сияқты стратегиялық салаларда нақты, қаржылық тұрғыдан негізделген жобалар портфелін қалыптастыру және оларды жүзеге асыруға жол ашу.
– Ұлыбританияның маңызды пайдалы қазбалар жөніндегі стратегиясында Қазақстан ұзақ мерзімді негізгі серіктес ретінде белгіленген. Елдің уран, титан, кремний, рений және басқа да ресурстық әлеуетін ескере отырып, бұл бағыттағы ынтымақтастықты қалай дамытуды жоспарлап отырсыздар?
– Стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар қазіргі заманғы өнеркәсіптің негізін құрайды. Электромобильдер мен жел турбиналарынан бастап аэроғарыш пен қорғаныс саласына дейінгі өндіріс тізбектері осы ресурстардың тұрақты әрі қауіпсіз жеткізілуіне тікелей тәуелді. Сондықтан бұл бағыттағы жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы – тек экономикалық емес, сонымен бірге стратегиялық қауіпсіздік мәселесі.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Ұлыбритания үшін ерекше маңызға ие серіктес ретінде ерекшеленеді. Ел Ұлыбританияның басымдық берілген 36 стратегиялық минералының 22-сін өндіру және жеткізу әлеуетіне ие, ол оны жаһандық ресурстық картадағы маңызды буындардың біріне айналдырады.
Серіктестік қазірдің өзінде нақты жобалар деңгейінде белсенді дамып келеді. Соның айқын мысалы – британдық компания жетекшілік ететін және қазақстандық «Жезқазғанредмет» мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан рений өңдеу жөніндегі бірлескен кәсіпорын. Жоба қазірдің өзінде Rolls-Royce сияқты жоғары технологиялық саланың ірі тұтынушыларына өнім жеткізіп отыр. Ал толық өндірістік қуатқа шыққан жағдайда ол әлемдік рений ұсынысының шамамен 25 пайызын қамтамасыз етуге қабілетті болады.
Осыған ұқсас маңызды бастамалардың бірі – Ferro-Alloy Resources компаниясының ванадий өндіру жобасы. Ол жаһандық нарықтағы сұраныстың шамамен 10 пайызын жабуға мүмкіндік беріп, стратегиялық металдар нарығындағы тұрақтылықты күшейтеді.
Алайда ынтымақтастық өндірістік жобалармен шектелмейді. Сонымен қатар технология трансфері, жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, геологиялық ғылымдар мен кадр даярлау салаларында да байланыстар біртіндеп кеңейіп келеді. Бұл өз кезегінде сектордың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін институционалдық негіз қалыптастырады.
Бұл бағыттағы серіктестік тек тау-кен өндірісіне қатысты жобалар жиынтығы емес. Ол – жаһандық жеткізу тізбектерін қайта құруға бағытталған жүйелі процесс. Ұлыбританияның жаңартылған стратегиялық пайдалы қазбалар саясаты аясында Қазақстанмен ұзақ мерзімді келісімдер мен әріптестік тетіктері кеңейтіліп отыр. Бұл британ өнеркәсібінің энергетикалық трансформация мен технологиялық дамуы үшін қажет ресурстарға тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Таяу Шығыстағы соңғы геосаяси оқиғалар аясында жеткізу тізбектерін әртараптандыру, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты – «Орта дәліздің» маңызы артып отыр. Осы тұрғыда Ұлыбритания бұл бағытты дамытуға қандай практикалық үлес қосуға дайын? Сонымен қатар Лондон «Орта дәлізді» тек көлік бағыты ретінде емес, энергетикалық ресурстарды қоса алғанда, жаһандық жеткізу тізбектерінің стратегиялық бөлігі ретінде қарастыра ма?
– Қазақстан «Орта дәлізде» аса маңызды рөл атқарады, ал жаһандық жеткізу тізбектері қайта құрылып жатқан қазіргі кезеңде бұл бағыттың стратегиялық мәні одан әрі артып отыр.
Бұл тұрғыда Қазақстанның орны ерекше. Бұған дейін атап өткенімдей, Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүк тасымалының шамамен 85 пайызы осы өңір арқылы өтеді, ал ел аумағы 13 ірі транзиттік дәліздің тоғысқан нүктесінде орналасқан. Осындай географиялық артықшылықты минералдық ресурстар қоры мен білікті еңбек күшімен ұштастырғанда, Қазақстан стратегиялық маңызды минералдар, энергетика, инфрақұрылым және қаржылық қызметтер салаларында қалыптасып келе жатқан өңірлік хабқа айналуда.
Осы контексте Ұлыбританияның рөлі – бұл әлеуетті одан әрі күшейтуге мүмкіндік беретін сапалы инфрақұрылым мен инвестициялық ортаны дамытуға қолдау көрсету. Яғни біз жобалық қаржыландыруды кеңейту, ірі инфрақұрылымдық мәмілелерді құрылымдау және іске асыру, реттеуші стандарттарды жетілдіру, сондай-ақ консалтинг пен экспорттық қаржыландыру құралдарын ұсыну арқылы осы үдерістерге үлес қосамыз.
Сонымен қатар бұл бағыттың энергетикалық өлшемі де айрықша маңызды. Қазақстанның шамамен 30 млрд баррель мұнай қоры, елеулі газ ресурстары және жел мен күн энергетикасына негізделген жоғары жаңартылатын энергия әлеуеті бар. Ал болашақта «Орта дәліз» бойында жасыл энергетика мен сутегі жобаларының дамуы бұл бағыттың стратегиялық маңызын одан әрі арттыра түседі. Бұл ретте Ұлыбританияның технологиялық және инвестициялық тәжірибесі қосымша мүмкіндік ретінде маңызды рөл атқара алады.
– Еуропалық одақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қомақты қаржы бөлетінін мәлімдеді. Ұлыбритания осыған ұқсас ауқымдағы қаржылық құралдарды немесе өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды қолдаудың балама тетіктерін қарастыра ма?
– Ұлыбритания жеке капиталды жұмылдыруға басымдық береді. Елдің экспорттық қаржыландыру агенттігі инфрақұрылымдық, энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларды қолдауда негізгі рөл атқарады. Сонымен қатар біз Қазақстанда белсенді жұмыс істейтін Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты институттармен тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз.
Негізгі назар жобаларды ұзақ мерзімді инвестиция тартатындай етіп құрылымдауға аударылады. Мұндай тәсіл қаржыландыруды кеңейтуге мүмкіндік береді және бір реттік қаржы құюға тәуелді болмай, тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
– Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды қарқынды дамытып, мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамын цифрландырды және өзін өңірлік IT әрі жасанды интеллект хабы ретінде қалыптастырып отыр. Осы контексте Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықта цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласының қай бағыттары ең перспективалы деп саналады?
Сонымен қатар өңірде цифрлық инфрақұрылымды, соның ішінде дата-орталықтар мен бұлтты технологияларды дамыту стратегиялық басымдық ретінде қарастырыла ма?
– Қазақстанның цифрлық трансформациясы айтарлықтай нәтиже беріп отыр және бұл өз кезегінде британдық компаниялармен ынтымақтастық үшін нақты, практикалық мүмкіндіктерді қалыптастырады.
Осы тұрғыда ең перспективалы бағыт ретінде жасанды интеллект, финтех, киберқауіпсіздік, сондай-ақ деректерді өңдеу мен сақтау инфрақұрылымы айқындалып отыр. Бұл салалар тек технологиялық даму тұрғысынан емес, экономиканы әртараптандыру мен ұзақ мерзімді өсімді қамтамасыз ету тұрғысынан да стратегиялық маңызға ие.
Сонымен қатар бұл үрдіс деректерді өңдеу орталықтарына, бұлтты сервистерге және заманауи цифрлық экожүйелерге сұраныстың тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай инфрақұрылымдар экономиканың барлық салаларын цифрлық негізде дамытуға мүмкіндік береді.
Осы тұста Ұлыбританияның рөлі ерекше маңызды. Себебі ол инновациялар, реттеуші саясат, қаржы технологиялары және дамыған технологиялық экожүйе құру салаларында айтарлықтай тәжірибеге ие. Ол Қазақстанның цифрлық даму амбицияларымен толық сәйкес келеді және екіжақты әріптестікті тереңдетуге негіз болады.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастық бұған дейін қабылданған екіжақты әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау арқылы институционалдық деңгейде бекітілген. Бұл цифрлық экономика саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі жүйелі және ұзақ мерзімді форматта дамытуға жол ашады.
Еске салайық, Сенат Ұлыбританиямен стратегиялық әріптестікті нығайтатын келісімді ратификациялады.