Ұлытауда ғылым мен өндірісті ықпалдастыруға бағытталған жаңа жоспар қабылданды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Жезқазғанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбындағы көшпелі Президиум отырысы өтті.

Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Жиында өңірдің ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттары талқыланып, минералдық шикізатты кешенді өңдеу, геологиялық барлау мен металлургияны цифрландыру, экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарын басқару және агроөнеркәсіп саласын ғылыми сүйемелдеу мәселелеріне басымдық берілді.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Отырыс барысында ғылым жетістіктерін өндіріс пен экономиканың нақты секторына енгізу тетіктері қарастырылып, қытайлық ғылыми ұйымдармен технологиялар трансферті, жасанды интеллектті пайдалану және заманауи геологиялық зерттеу әдістерін енгізу бағыттары талқыланды.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Іс-шара қорытындысында Ұлытау облысының ғылыми-технологиялық дамуын жеделдетуге арналған қарар мен бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды.

Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Сондай-ақ Жезқазған қаласындағы «Kazakhmys Barlau» геологиялық кластері базасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өңірлік форсайт-орталығы ашылды.