Айта кетейік, бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында АЭС салу жоспары бойынша жария тыңдау өтіп жатыр.
Ж. Нұрмағанбетов бұл шешім атом энергиясын пайдалану туралы заң аясында қабылданатынын айтты. Құжатқа сәйкес, құрылыс алаңын әкімдіктің келісімі негізінде Үкімет айқындайды.
«Министрліктің ведомствоаралық комиссиясы станцияны Үлкен ауылының маңында орналастыру керек деп отыр. Біз Алматы облысының мәслихатынан жауап сұраған едік. Олар Үлкен тұрғындары жобаны қолдаған жағдайда ғана шартпен келісетінін хабарлады. Қазір қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр, оған тұрғындар, белсенділер, қоғамдық ұйымдар қатысып жатыр. Онда қойылған сұрақтардың барлығын біз талдаймыз», - деді вице-министр Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Ауыл тұрғындары келісімін берсе, технологиялық және экологиялық шешімдерді таңдау жұмыстарының келесі кезеңі басталады. Техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, қоршаған ортаға тигізетін әсері бағаланады, сондай-ақ барлық мүдделі тараптың пікірлері тыңдалады.
«Егер бүгін тұрғындардың көпшілігі келіспесе, Алматы облысы мәслихатының шешімі күшіне енбейді, демек рұқсат жоқ деген сөз. Онда жаңа орын іздейміз», - деді Жандос Нұрмағанбетов.
Осыған дейін Алматы облысы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу бойынша жария тыңдау басталғанын жаздық.