Үлкен сынақ: Орта державалар әлемде бейбітшілік орната ала ма

16-17 қазан күні Астанада бірінші Astana Think Tank Forum 2024 өтті. Орта державалар тұрғысынан жаһандық жүйенің мәселелерін қозғаған екі күндік жиынға әлемнің 22 елінен 45 сарапшы келіп, ойларын ортаға салып, қажет жерінде пікірталас жүргізді. «Өзгермелі әлемдік тәртіптегі орта державалар: қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты дамуды нығайту» тақырыбын негізге алған басқосуда не айтылды? Форумның маңызды тұстарын Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Коллаж: Kazinform; DALL-E

Жаһандағы орта державалар рөлі

Форум алдымен орта державалар дипломатиясының негіздеріне арналған сессиядан басталды. АҚШ-тағы Borderless Consulting Group компаниясының басқарушы директоры Чарльз Маклин модератор болған жиынға қатысушылар жаһандық ландшафттағы орта державалардың стратегиялық және дипломатиялық рөлін талқылады.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин сөз сөйлеп, еліміздің ұстанымдары өзгермейтінін мәлімдеді.

– Әлемдегі геосаяси турбуленттілікке қарамастан, біздің сыртқы саяси ұстанымдарымыз өзгеріссіз қалады. Біз көпвекторлы саясат, тепе-теңдік, прагматизм және ұлттық мүддені қорғаудың негізгі қағидаттарын ұстанамыз», – деді ол.

Өз кезегінде Индонезияның Сыртқы саясат қоғамдастығының төрағасы Дино Патти Джалал «Орта держава» ұғымы екі өлшемді қамтитынын баян етті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

 

– Біріншісі, әлеуеті. Бұл өлшем аумақтық және демографиялық, саяси-дипломатиялық, экономикалық, аймақтық және жаһандық факторларға байланысты. Екінші өлшем – теңгерімді, қалыпты позиция. Мәселен, Қазақстан бүгінде бұрынғы кезбен салыстырғанда барынша орта державаға айналды, оған әлеуетінің артуы мен әлемдік тәртіптің қалыптасуына ықпал етуге мүмкіндік беретін стратегиялық теңгерімді ұстанымы ықпал етті, – деп атап өтті спикер.

Ал АҚШ-тағы Флетчер мектебінің Халықаралық құқық және басқару орталығының аға ғылыми қызметкері Джошуа Линкольнның айтуынша, қазір орта державалар үшін халықаралық аренадағы рөлін нығайтуға нақты мүмкіндік бар. Бұл типтегі елдер қауіпсіздік жүйесін қолдауға бірдей мүдделі, өйткені тұрақтылық мәселесі осы елдердің ДНҚ-сында барын жеткізді.

Франциядағы Монтень институтының Геосаясат бойынша арнайы кеңесшісі Мишель Дюкло өз сөзінде орта державалардың маңыздылығы артып келе жатқанын айтты.

– Болашақта бейбітшілік орнату және жағдайды тұрақтандыру мүмкіндігі орта державалар үшін үлкен сынақ. Бүгінде олар үшін бірыңғай платформа жоқ. Мысалы, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау мәселелері менің елімді де, басқа мемлекеттерді де ерекше қызықтырады. Бірақ орта державалар үшін бірыңғай платформа болмаса, жұмыс істеу қиынға соғады, – деді сарапшы.

Әлем елдері бейбіт қарым-қатынасқа бейімді ме?

Кезекті маңызды сессия «Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі кеңістікті қамтитын жаңа дәуірді пайымдау» деп аталды. Bloomberg-тің бұрынғы журналисі Шарлотта Кан ең алдымен спикерлерге «жаһан мультиполярлық әлемге жылжып бара ма?» деген сауал қойды.

Қытай мемлекеттік кеңесінің Еуропа және Азия әлеуметтік даму институтына қарасты зерттеу орталығының директоры Ли Юнцюань пікірінше, әлемге бейбітшілік көзқарасы әлі де жетіспейді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

 

– Басты сұрақ – біз тәуелсіз сыртқы саясатпен айналысып жатырмыз ба? Менің байқайтыным, Еуропа елдері тәуелсіз сыртқы саясатта әлсіз көрінуде. Қазақстанда сыртқы саясаттың тәуелсіздігі бар деп айта аламын. Қазір әлем елдері бір ғана мақсат – бейбіт қарым-қатынасқа бет алғаны жөн, – деді ол.

Әріптесінің сөзін Үндістандағы Манохара қорғаныс зерттеулері және талдау институтының бас директоры Суджан Чиной да қолдады.

– Расында көпполярлы әлемде өмір сүріп жатырмыз. АҚШ – ірі держава, Қытай – өңірге ықпалды держава. Ал орта державалар бейтарап позиция ұстанып келеді. Кейінгі жылдары БҰҰ ұйымы көп мәселеге байланысты нақты шешім қабылдамай отыр. Мәселен, ядролық қару жайы әлі өзекті. «Үлкен жиырмалық», «Үлкен жетілік» секілді бірлестіктер құрылды. Қандай да ұйым болмасын, біз ерікті түрде болашақ мәселесіне оралуымыз керек, – дейді сарапшы.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

 

Жиында күтпеген пікір айтушылар да кездесті. Мысалы, Джордж Вашингтон университетінің ғылыми қызметкері Золтан Фехердің пікірінше, супер ірі державалар көбейген сайын, орта державаларға кеңістік азаяды.

– Орта державаларды бағыт таңдау туралы сауал мазалайды. Сондықтан жаһандық басқару мәселесі бар. Яғни, АҚШ пен Қытай секілді алпауыттардың бәсекелестігі жанжалға құрылмауы қажет. Супер ірі держава атану үшін белгілі бір мемлекеттің саясаты, әскери қуаты және экономикасы секілді маңызды үш саласы жақсы дамығаны жөн. Көріп отырғанымыздай, көптеген елдер бұл үш бағытты бірдей қамти алмай жатыр, – деді спикер.

Ерекше тапсырмалар жөніндегі қазақстандық елші Асқар Тәжиевтің ойынша, елдер пікір алмасуға дағдыланғаны маңызды, сондықтан көзқарастар келіспей жатса – таңғаларлық дүние емес.

– Әлем елдерінде азық-түлік, су, энергия қауіпсіздігіне байланысты проблема бар. Адам құндылықтары саяси шешімдерге байланысты екенін еске салғым келеді. Әрине, менің пікірім тосын көрінуі мүмкін. Алайда келешекте жасанды интеллект те өзінше бір ірі державаға айналып, маңызды салалардың бәріне денден енеді, – деді ол.

Энергетикалық процестер қалай жүріп жатыр?

Форумда энергетика жайы айтылмай қалмады. «Тұрақтылықты қамтамасыз ету: энергетикалық тепе-теңдік» тақырыбындағы сессияны АҚШ-тағы S&P Global Commodity Insights вице-президенті Мэттью Дж.Саджерс жүргізіп, спикерлерді барынша ашуға тырысқанын байқадық.

Осы тұста модератор энергия жөнінде сөз қозғалғанын ескере отырып, «жасыл энергиядан не таңғажайып күте аламыз?» деген сауал қойған болатын. Америкалық Каспий саясат орталығының бас директоры Эфган Нифти тақырыпқа қатысты бірнеше алаңдаушылық барын жасырмады.

– Бәрінен бұрын «энергетикалық процестер тежеле ме?» деп сұрақ қойғым келеді. Өйткені әлемде қазба отын қоры азаюда. Енді адамзатқа маңыздысы – жасыл энергия. Оны дамыту адамзатқа ортақ жауапкершілік жүктейді. Энергетикалық процестердің кешеуілдеп дамып жатқанына геосаяси жағдайлардың әсері бар. Африка құрылығында 6 млн адам энергияға қол жеткізе алмай отыр. Энергетикалық қауіпсіздікке Орталық Азия мен Кавказ елдері көп үлес қоса алады. елестетіп көріңіздер, әлемде бір күн отын тасымалдау кешіксе, күрделі мәселе туындайды. Каспий газы ерекше рөл атқарып тұр, Орталық Азия инвестициялық тұрғыда тартымды екені даусыз, – деді.

Әлемде электромобильдер көбейген сайын, мысқа қажеттілік те тоқтаусыз артады. Ендігі мәселе мыс өндірісіне байланысты болмақ. Энергетикалық процестерде металл рөлі туралы «Қазақмыс» корпарациясы Сыртқы байланыстар және ESG департаментінің директоры Тельман Шуриев айтты.

– Негізінен «Қазақмыс» мыстан бөлек, алтын, күміс, дәстүрлі көмір өндірісімен айналысады. Әрине, энергия саласының дамуы мыс өндірісіне байланысты екенін білеміз. Бірақ өндірісті арттыруда мәселелер бар. Өнімділіктің артуына қосымша салықтар көзделеді, бұған қоса мыс өндірісі экологияға кері әсер етенінін еске саламын. Әйтпесе біз млрд-таған долларға татитын өндірісті көздегіміз келеді, – деді ол.

АҚШ-тағы Халықаралық салық және инвестициялар орталығы, «Энергетика, өсу және қауіпсіздік» бағдарламасының басқарушы директоры Ариэль Коэн бұл мәселеде Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

– Қазақстанның шикізатқа келгенде жолы болды дей аламыз. Ірі мұнай қорлары бар, өндіріске байланысты саяси көзқарас қалыптасқан. Геологтар Қазақстандағы ескі тауларда бағалы металдардың қоры бар екенін айтуда. Батыс Еуропа мен АҚШ ерекше қызығушылық танытып отыр. Алайда Қазақстан жағымды инвестициялық орта қалыптастырып, жеткізуші ел ретінде сақтықпен жұмыс істегені абзал.

Таяуда Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешім қабылдады. Бұл – өте үлкен тәуекел. Қасым-Жомарт Тоқаев арнаулы консорциум құрылатынын баян етіпті. Көзқарасы маған ұнады. Енді ел тапқан табысын неғұрлым инфрақұрылымды дамытуға жұмсағаны жөн, – деп толықтырды сарапшы.

KAZENERGY Қауымдастығының төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, мұнай мен газ алдағы уақытта да өзектілігін жоймайды. Әрі металл өнімдерін осы қатарға жатқыза аламыз.

– 2060 жылға металл өндірісінің табысы трлн долларға жетуі мүмкін. Бірақ технология жылдам дамуда. Мысалы, осыдан 25 жыл бұрын қазіргідей өмір сүреміз деп ойладық па? Сондықтан алда нақты не боларын болжау қиын, – деп түйіндеді.

Қазақстан Президенті БҰҰ-ны қолдауға шақырды

Форумның екінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен пленарлық сессиядан басталды. Президент Астана халықаралық форумының аясында құрылған бұл диалог алаңы неғұрлым өзекті жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша идеялармен алмасу үшін қызмет ететінін атап өтті.

Мемлекет басшысы бейбітшіліктің поляризациясы күшейіп, көпжақты халықаралық институттардың беделі әлсіреген сайын орта державалардың рөлі артып келеді деп санайды.

– Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады. Осылайша олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

 

Бұған қоса Қазақстан көп жылдар бойы халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі ретінде өз миссиясын жүзеге асырып келе жатқаны айтылды. Бұл ретте Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Пленарлық отырыстың модераторы, Berlin Global Dialogue төрағасы Ларс-Хендрик Рёллер Мемлекет басшысынан Қазақстанның өңірде қандай рөл атқаратынын, аймақтық ынтымақтастық арқылы орта державалардың ұстанымдарын тиімдірек пайдалану тұрғысынан қандай проблемалар бар екенін сұрады.

– Біз ынтымақтастықты тереңдеткен сайын, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінің мүдделері үшін жақсы болмақ. Қазіргі жағдайды он жыл бұрынғы ахуалмен салыстыруға келмейді, мүлде өзгеше. Бүгінде біз белсенді ынтымақтастықты дамытып келеміз, ауқымы кең мәселелер бойынша санқырлы байланыс орнатылды. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары жиі кездеседі, мәселелерді бірлесе пысықтайды. Бұл басқосулардың нәтижесі мол. Сондықтан менің жауабым айқын. Біздің саяси ұстанымдарымыз стратегиялық тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған. Меніңше, Орталық Азияның әлем картасындағы орны ерекшеленіп келеді. Біз осы өте маңызды өңірдің әлеуетін нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымына келетін болсақ, мен оны нығайту керек деген сенімдемін. Өйткені оның орнын басатын ұйым жоқ. БҰҰ-да көптеген кемшілік болғанымен, бізде басқа балама жоқ. Сондықтан Қазақстан БҰҰ рөлін нығайту бойынша осындай ұстанымдағы барлық елмен ынтымақтаса беруге ниетті. Аймақтық державалар мен орта державалардың үні, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінде естілуге тиіс. Қауіпсіздік Кеңесі де реформаға мұқтаж. Келесі жылы 80 жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсетуіміз қажет, – деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев сарапшының сұрағына.

Сауда саласындағы түйткілдер

Жалпы, форум саясат тақырыбымен шектелген жоқ. Мәселен, күн тәртібінде сауда және көлік дәліздері тақырыбы да әңгіме болды. Көпшілік кейінгі кезде қарқын алған Транскаспий дәлізіне ғана емес, әр елдің өзіндік логистикасына тоқталып, талдау жүргізіп, тәжірибелерін бөлісті. Соның бірі – Грузиядағы Сауда-өнеркәсіп палатасының директоры Давид Апциаури.

– Бүгінгі дағдарыс аясында біз пандемияның салдарын еңсере алмағанымызды ұмытпауымыз керек. Қазір Украинада, Таяу Шығыста дағдарыс бар. Ол – әлемдік саясат пен экономиканың іргелі қағидаттарын түбегейлі өзгерткен «поликризис» деп аталатын дағдарыстар комбинациясы. Әсіресе коммуникация тұрғысынан соққы берді, бұл достық қарым-қатынастарға, көлік пен қызметтің барлық түрлеріне қатты әсер етеді. Сондықтан біз қазір ең жақсы шешімдерді іздейміз. Екі нұсқа бар: жаңа күн тәртібін құру, жаңа модельдер жасау немесе бұрынғысын жаңғырту, – дейді сарапшы.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

 

Грузиялық спикердің ойынша, қазір таза коммерциялық жобаларға назар аударған жөн. Осы тұрғыдан алғанда, Орта дәліз – жаһандық және өңірлік, ұсақ ойыншылар – өндірушілердің, сатушылардың және жеткізушілердің мүдделерін біріктіре алады. Оңтүстік және Орталық Азия елдері қазір геосаяси және геоэкономикалық тұрғыдан маңызды болып отыр. Орта дәліз барған сайын маңызды әрі тиімді бола түсуде. Яғни, келешекте Транскаспий бағыты маңызын арттыра бермек.