ОРАЛ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Еліміздің тұңғыш Президентінің күні кешегі халыққа арнаған Жолдауын бала-шағаммен бірге отырып, тыңдап, дән риза болдым. Үлкенге де, жасқа да мемлекет тарапынан қамқорлық айтулы. Бұл туралы зейнеткер, «Күміс алқа» иегері Бақыт Тұрәлиева мәлім етті.
Оның айтуынша, отағасы Сайлау Қалиев екеуі Сырым ауданында қырық жыл бойы мал баққан. Қорадағы төл ырыздықты молайтса, сәбидің уілі үйдегі ынтымақты нығайтты. Адал еңбекпен алты перзентін аман-есен өсіріп, қатарынан кем қылған жоқ. Бүгінде олар - бір-бір шаңырақ иесі. Немере-жиендерге қоса, шөберелер өсіп келеді.
«Қазір Плодоовощный ауылын мекен етіп, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл дүниеден өткен қартымның ошағының отын өшірмей, үлкен шаңырақтың ақылшы әжесі болып отырған жайым бар. Үлкейдік деп қол қусырып отырғаным жоқ. Ауылдағы, қаладағы мәдени шаралардың ортасынан табылып, «Әжелер сәлемі» бірлестігінің құрамында ән салумен бірге, «Нұр Отан» ХДП мүшесі ретінде түрлі шараларға қатысып тұрамын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің облысымызға келген сапарлары барысында бірнеше рет жүзін көріп, қол беріп, амандасудың да сәті түсті. Зейнетақымыз көбейіп, ал жастардың толыққанды білім алуы үшін бар жағдай жасалуда. Енді осындай мүмкіндікті жастар жағы тиімді пайдаланып, Отанның мүддесі үшін жемісті еңбек етулері керек», деді Б.Тұрәлиева.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).