Шара ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауын қолдау, жастар арасында насихаттау мақсатында өткізілді. Шараның арнайы қонақтары ретінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, «Нұр Отан» ХДП-нің Астана қалалық филиалының төрағасы Мейрамбай Оралов, сондай-ақ Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев қатысты.
«Президент үлкен маңыз беретін басым саланың бірі жастар денсаулығы», - дейді форумға қатысқан әйгілі боксшы, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев. «Президент белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдана отырып, өзінің жеке ісімен бұны дәлелдеп келеді. Оның қолдауы бізге Лондон Олимпиадасында әлем елдері арасында 12-орынға жетуге көмектесті», - деп атап өтті спортшы.
Оның айтуынша, ұлт саулығы - Қазақстанның табысты болашағының кепілі. «Жастардың денсаулығы әлеуметтік маңызға ие. Себебі жастар ұлт пен мемлекеттің зияткерлік, экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени әлеуеті болып табылады», - деп түйді сөзін С.Сәпиев.
Форум жұмысының қатысушылары Астана қаласының білім мекемелерінің жас ұстаздары, Ұлттық компания, акционерлік қоғам, мемлекеттік мекемелер, шағын және орта бизнес саласындағы жастардан құралды.
Шара соңында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауын қолдау, жастар арасында насихаттау мақсатында өткізілген жұмыскер жастар форумының қатысушыларының атынан үндеу оқылды.