«Ұлтқұру дегенге инновация сияқты қараудың қажеті жоқ. Ұлт қалыптастыру – мемлекет құрылысының ажырамас бөлшегі. Осыдан 32 жыл бұрын басталған үдеріс әлі жалғасып келеді. Біртұтас азаматтық ұлтты қалыптастыру ісін құрдымға кетіріп алған елдер де бар. Азаматтық ұлт топтастыра білгеннің арқасында қуатты серпіліс жасап, жаңғырған елдер де бар», - деп жазды саясаттанушы.
Сондай-ақ ол Қазақстан өкілдері Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде жалғыз тұтас ұлттың атынан үн қосып, шешім қабылдайтынын еске салды.
«Қазір «ұлт» деген ұғым қай елдің азаматы екеніңді білдіреді және саяси контексте «этнос» деген мәнге ие.
Бір ұғымды бұлайша екіұдай тәпсірлеу совет заманының партия аппаратынан қалған. Ол кезде ұлт ұғымы империалистік және федералдық тұрғыдан қаралды. Ресейде ұлттық республикалар әлі де бар. Ал унитарлы Қазақстанда бір ғана ұлт бар екені анық мәселе және оның этникалық құрылымына ұлт призмасы арқылы қарау әдістеме тұрғысынан қате.
Ал мемлекет құрылысының түрлі кезеңінде этносаясат түрлі функция атқарғаны өз алдына бөлек мәселе. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан халқы Ассамблеясы кикілжіңдердің алдын алу құралы болды. Ал екі мыңыншы жылдарда этникалық топтардың өкілдері сахнаға шықты. Ендігі жол – бүкіл этностардың бір әлеуметке, қағидасы ортақ тұтас ұлт ретінде тығыз интеграциялану тетігі», - дейді Талғат Қалиев.