Ұлттық киім күні: Өскеменде 3D технологияда ұлттық киімдер үлгісі көрсетілді

Фото: Өскемен қалалық О.Бөкей атындағы кітапханадан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - «Оюлар сөйлейді» атты фестиваль өтті. Өскемен қаласында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай «Оюлар сөйлейді» атты фестиваль-жәрмеңке өтті.

Фото: Өскемен қалалық О.Бөкей атындағы кітапханадан

О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада ұйымдастырылған «Оюлар сөйлейді» фестиваль-жәрмеңкесінде қолөнер шеберлері көрмесі, ұлттық шапандар дефилесі көрсетілді. Сондай-ақ ұлттық ыдыс-аяқтар және «Сырмақтар сыры» көрмелері қойылды.

Фото: Өскемен қалалық О.Бөкей атындағы кітапханадан

Фестиваль Наурыз мейрамының қазақ халқына қалай қайта оралғаны жайлы деректі фильмнен басталды. Одан кейін өнерпаздар әннен шашу шашып, домбыраны күмбірлетіп күй тартты. Жәрмеңкеге қойылған ұлттық киімдер мен түрлі қолөнер бұйымдарын ниет білдіргендер сатып алып жатты. Киім-кешекті Шығыс Қазақстан облыстық «Жан ана» қоғамдық бірлестігі тігіп әкелген.

Фото: Өскемен қалалық О.Бөкей атындағы кітапханадан

«Жуанның жіңішкерін, жіңішкенің үзілер шағында келіп жеткен әз Наурыз мейрамын биыл жаңаша атап өтудеміз. Әр күннің өз тақырыбы, өз мазмұны бар. Бүгінгі Ұлттық киім күні халқымыздың көнеден келе жатқан киімін ұлықтап, өскелең ұрпаққа насихаттау үшін қажет. Фестиваль-жәрмеңкеге өз қолымен тіккен киімдерін ұсынған – бірлестігіміздің мүшесі, көпбалалы ана Гүлбарам Көксегенова. Осындай игі мақсаттағы шараларға қатысуға әркез дайынбыз», - дейді «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлжамал Бершімбекова.

Фото: Өскемен қалалық О.Бөкей атындағы кітапханадан

Бұдан бөлек, фестивальде 3D технологияда ұлттық киімдер үлгісі көрсетілді. Жиналған жұртшылық арасында да ән шырқап, өлең оқып, елді мейраммен құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарғандар болды.

Фото: Өскемен қалалық О.Бөкей атындағы кітапханадан
Фото: Өскемен қалалық О.Бөкей атындағы кітапханадан