Ұлттық қор аудиті: 500 жоба аяқсыз қалған, 64 млрд теңгенің ізі күмәнді

АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен комиссия отырысында Ұлттық қор қаражатының мақсатқа сай әрі тиімді пайдаланылуына жүргізілген тексеріс қорытындысы қаралды.

Фото: Kazinform

Тексеру нысаналы трансферт есебінен 3,4 трлн теңгеге қаржыландырылған 3 мыңнан астам жобаны, сондай-ақ квазимемлекеттік секторға берілген 3,8 трлн теңге облигациялық қарызды қамтыған.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Ұлттық қор есебінен нәтижелі жобалармен бірге базалық дайындығы жеткіліксіз жобалар да қаржыландырылған. Кейбірінде жобалау-сметалық құжаттамасы, кейбірінде жер телімдері болмаған. Салдарынан 394 млрд теңгенің 500-ден астам жобасы тоқтатылған немесе басқа жобалармен ауыстырылған.

Палатаның мәліметіне сүйенсек, Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі басқа көзден қаржы тарту мүмкіндігі бар жергілікті деңгейдегі әлеуметтік жобаларға бағытталып кеткен.

Кей жағдайда қаражат аяқталып қойған жобаларға немесе нақты қажеттіліктен жоғары көлемде бөлінген. Кейде тіпті ауылдағы медициналық инфрақұрылымға арналған қаржы қалалық нысандарға бағытталған. Ал кей өңірлерде жабдық сатып алу көлемі жоспардан екі есеге дейін асып кеткен.

Ревизия облигациялық қаржыландыруды бақылау тетіктері жеткіліксіз екенін көрсеткен. Соның салдарынан қайтарымы төмен жобаларды қаржыландыру, жеңілдікті қарыздарды мақсаттан тыс пайдалану жағдайлары тіркелген.

- 2023-2024 жылдары Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілуіне жүргізілген тексеру нәтижесінде бірқатар қылмыстық іс тіркелген. Жұмыс тобы нысаналы трансферттерді тек толық дайындықтан өткен жобаларға бөлу, қаражаттың соңғы алушыға дейінгі қозғалысын бақылау және мақсатына сай пайдаланылмаған 64 млрд теңгені қайтару бойынша ұсыныстар енгізді, - деп жазылған ресми ақпаратта.

Палатаның мәліметі бойынша, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген облигациялық қарыздарды мерзімінен бұрын қайтару мәселесі деқарастырылып жатыр.

Аудиторлар Ұлттық қорға жауапты бірыңғай органның жоқтығын да жүйелі мәселе ретінде атады. Бұл қаражаттың тиімділігін толық бағалауға мүмкіндік бермей отырса керек.

Бұған дейін Ұлттық қордың ақшасы 1 жылдың ішінде екі рет ортайып, қайта өскенін жазған едік.