Ұлттық қордан бөлінген қаражатты талан-таражға салған павлодарлық шенеунік сотталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысының Павлодар аудандық прокуратурасы тексеру барысында нақты сектор экономикасы бөлімі басшысының өз лауазымын асыра пайдалануы туралы фактіні анықтады.
- Бұл әлеуметтік нысан салу кезінде болған, - деп хабарлайды Павлодар облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Мәлімет бойынша, «Ауыл Ел-Бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен Кемеңгер ауылында спорт-сауықтыру кешені салынған, оның құны 382 млн теңге.
Бюджет қаражатының заңсыз жұмсалуын тексеру барысында мердігерге орындалмаған жұмыстардың көлемі үшін 158 млн теңге төленгені анықталды.
Аудан прокуратурасы лауазымды тұлғаның қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша материалдарды Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша ЕРДР-ға тіркеді, алдын ала тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент жүргізді.
Павлодар облысының аралық сотының үкімімен бұрынғы нақты сектор экономика бөлімінің басшысы 3 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін Павлодар облысының шенеуніктері жұмыс уақытында шетелде жүргені туралы жаздық.