- Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі. Сонымен қатар құрылыс секторы мен инфрақұрылымды қаржыландырудың қазіргі моделі мемлекет қаржысын ұзақ мерзім бойы ұдайы қажет етуге негізделген. Жаңа Бюджет кодексінің қолданысқа енгізілуі өңірлердің дербестігін арттыру мен орталықсыздандыру бағытын бекітті. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға арналған шығыстарды республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру жергілікті атқарушы органдардың қаражатты нақты жергілікті басымдықтар негізінде икемді әрі жедел бөлуіне бағытталған, - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы республикалық бюджетті қалыптастырғанда макроэкономикалық теңгерімнің болуы және қаржыландыруды орталықсыздандыру мен өңірлердің қаржылық дербестігі бойынша жаңа бюджеттік реформаның бекітілген қағидаттары ескерілетінін атап өтеді.
- Сондықтан инфрақұрылымдық тапшылықты жедел жабу және құрылыс алаңдарын дайындау үшін заңнамада көзделген баламалы нарықтық құралдарды барынша белсенді пайдаланған орынды. Мәселен, «Республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдардың борыш лимиті жоғары деңгейде – 7,2 трлн теңге болып белгіленген. Үкіметтің 2025 жылғы 28 мамырдағы № 385 қаулысымен өңірлер ішкі нарықта мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы қарыз қаражатын тарта алатын мақсаттардың тізбесі нақты айқындалған. Бұл тізбеге жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу, жаңғырту және күрделі жөндеу, сондай-ақ тұрғын үйді сатып алу мен салу енгізілген. Осылайша, әкімдіктерде орталықтан тікелей қаржыландыруды күтпей, өз кепілдіктерімен инфрақұрылымды дамытуға капитал тарту үшін қажетті құралдар мен қаржылық лимиттер бар, - деді ол.
Олжас Бектенов «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-ын ұзақ мерзімді қорландыру үшін Ұлттық қор қаражатын тарту мәселесіне де ерекше тоқталады. Оның атап өтуінше, бұл мәселеде Бюджет кодексінің 59-бабында көзделген заңнамалық талаптар ескеріледі.
- Ұлттық қор қаражатының жинақтау және тұрақтандыру функциялары бар. Заңнама қор активтері есебінен заңды тұлғаларды кредиттеуге және қазақстандық эмитенттердің ішкі қаржылық құралдарын сатып алуға тікелей тыйым салады. Ерекшелік тек қаржыландырудың баламалы көздері мүлдем болмаған кезде және тек ел Президентінің тікелей шешімі бойынша жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды іске асыру үшін ғана жасалады, - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің атап өтуінше, жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен Ұлттық қор активтерін сақтау және 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу бойынша қойылған міндет жағдайында Үкімет ең қатаң қаржылық тәртіпті сақтауға және аталған резервтерді кеңінен пайдалануды шектеуге міндетті.
- Өз кезегінде, 2014-2016 жылдары «ҚТҮК» АҚ мен «Бәйтерек» холдингіне Ұлттық қордан жылдық 0,1 %-бен бөлінген 490 млрд теңге сомасындағы жеңілдікті қарыз әлі қайтарылмағанын және құрылыс секторының айналымында болып, нарықта жұмысын жалғастырып жатқанын атап өткен жөн. Оларды жоспарлы түрде қайтару тек 2034 жылы басталады. Тиісінше, осы мақсаттарға Ұлттық қордан қайтадан қаражат бөлу тиімсіз, - деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Үкімет құрылыс сапасына бақылауды күшейтетінін жазған едік.