Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу: жоспар 2030 жылдан кейін іске асуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық қорының активтері 100 млрд долларлық межеге 2030 жылдан кейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлім етті.

Фото: Kazinform

Айта кетейік, 2030 жылға қарай Ұлттық қордың валюталық активтерін 100 млрд долларға дейін жеткізу жоспары қойылған еді. https://kaz.inform.kz/news/ukmet-ulttik-kor-aktivtern-100-mlrd-dollarga-ulgaytudi-zhosparlap-otir-8cc25b

— Мақсат бойынша 2030 жылға қарай Ұлттық қор кқаражатын 100 млрд долларға жеткізу белгіленген еді. Осы орайда тиісті реформаны жүзеге асырдық. 5 трлн теңге көлеміндегі қосымша нысаналы трансферт алынатынына қарамастан, Ұлттық қорға түсетін қаражат көлемі артып келеді, – деді Азамат Әмрин Құрылтайда тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ұлттық қор көлемі ұлғайып, 70,5 млрд долларға жетуі мүмкін.

Сонымен қатар вице-министр қор қаражаты болашақ ұрпаққа қалатын әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын құруға мүмкіндік беретінін еске салды.

— Мұның бәрі (салынатын жаңа нысандар) болашақ ұрпаққа арналған. Сондықтан, түптеп келгенде, біз 100 млрд долларлық межеге жетеміз. Дегенмен 2030 жылға дейін болмауы мүмкін, яғни сәл кейінірек жетуі ықтимал. Бірақ біз ол көрсеткішке қол жеткіземіз, – деді А. Әмрин.

Бұған дейін Ұлттық қордан стратегиялық жобаларға 5 трлн теңге бөлінетінін жазған едік.