Ұлттық банк: 2015 жылы ІЖӨ-нің өсу қарқыны 1,5% деңгейде болуы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкi Қазақстан Республикасы ақша-кредит саясатының 2015 жылға арналған негізгі бағыттарын бекiттi.

«Әлемдік экономиканың жай-күйі және оның жұмыс істеу талаптары қазіргі уақытта тұрақсыз және түрлі бағыттағы болып бағаланады. Еуроаймақ жаңа экономикалық рецессия толқынының алдында тұр. Қытай, Ресей және нарықтары қалыптасу үстіндегі бірқатар елдер экономикасының өсу қарқынының баяулағанын көрсетіп отыр. Мұнайды экспорттаушы елдердің жағдайы мұнайдың әлемдік бағасының 2014 жылдың ортасынан бері байқалып отырған төмендеуімен қиындай түсуде. Сонымен қатар сақталып отырған геосаяси белгісіздік ғаламдық экономикадағы ахуалдың нашарлауына ықпал ететін тағы бір фактор болып табылады. Осылайша, Қазақстан экономикасының 2015 жылы дамуына әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылықты және онымен байланысты капиталдың тұрақсыз ағындарын қоса алғанда, қолайсыз сыртқы факторлар әсер ететін болады», - делiнген құжатта. 2015 жылы Қазақстан экономикасы дамуының барлық сценарийлері іске асырылған жағдайда жылдық инфляцияны 6,0-8,0% дәлізінде ұстап тұру Ұлттық Банктің негізгі мақсаты болмақ.

«Мұнайдың әлемдік бағасының орташа жылдық деңгейі бір баррель үшін 50 АҚШ доллары болатын бірінші сценарий іске асырылған кезде нақты ІЖӨ-нің нақты өсу қарқыны 1,5% деңгейде бағаланады. Осы сценарийдің 2015 жылы іске асырылуы тауарлар импорты мен резидент еместерге кірістерді төлеу көлемі төмендеген кезде таза экспорттың төмендеуін көздейді. Осылайша алда болатын кезеңде ағымдағы шоттың тапшылығы ІЖӨ-нің 4,0%-нан аспайтын болады», - делiнген Ұлттық банктiң аталмыш материалында.

Қаржы шотында өткен жылдары іске асырылған жобалар бойынша қаржыландыру шегін еңсеруге және шетелдік тікелей инвесторлар қатысатын жаңа жобаларды іске асырудың кейінірек мерзімге ықтимал ауыстырылуымен байланысты тікелей инвесторлар бойынша ағынның төмендеуі күтіледі.

Ақша ұсынысының серпіні де номиналды ІЖӨ-нің серпініне сәйкес келетін болады, бұл болжанатын кезеңде монеталандырудың 2014 жылғы деңгейде сақталуын қамтамасыз етеді.

«Екінші сценарий іске асырылған жағдайда мұнайдың орташа жылдық бағасы 2015 жылы бірінші сценарийдегіден аздап жоғары болады, алайда 2014 жылдағы нақты деңгейден төмен болып қалыптасады және бір баррель үшін 60 АҚШ долларына жуық болады. Нәтижесінде 2015 жылы ІЖӨ-нің нақты өсу қарқыны 2,0%-ды құрайды», - делiнген құжатта.

Сонымен қатар қаржы шотында халықаралық қаржы ұйымдарынан және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан трансферттерінен жаңа мемлекеттік қарыз алу есебінен өтелуі мүмкін жеке сектордың таза қарыз алуының қысқаруы мүмкін. 2015 жылы ақшаға деген сұраныс осы сценарий кезінде алдыңғы сценариймен салыстырғанда едәуір жоғары болады. Сондай-ақ, ақша ұсынысының серпіні ІЖӨ-нің номиналды өсу қарқынына сәйкес келетін болады, бұл болжамды кезеңде 2014 жылмен салыстырғанда монеталандырудың аздап өсуін қамтамасыз етеді.

«Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы экономикасы дамуының бірінші сценарийінің іске асырылуын неғұрлым ықтимал деп есептейді. Осы болжамдарға негізделе отырып, 2015 жылға арналған ақша-кредит саясатының шаралары әзірленді», - делiнген аталмыш материалда.