***
« Егемен Қазақстан » газетінің сенбілік санында Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Олжас Омармен арадағы әңгіме « Жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға көмек көрсете ала ма? » деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Орталыққа хабарласқан азаматтарға талдау жүргізген кезде, бағдарламаға қатысушылардың 60 пайызы жоғары білімді, 30 пайызы - арнайы орта және 10 пайызы орта білімі бар екендігі анықталды. Әрине, Астанадағы жұмыссыздардың басым көпшілігі жоғары білімді болып келеді. Себебі, мұнда жоғары оқу орындары да жеткілікті, түлектердің көбі осы қалада қалғысы келеді. Алайда, елордамыздың жұмыс берушілері еңбек нарығында сұранысқа ие және де жұмыс өтілі бар қажетті мамандарды сұрайды», - дейді.
Сыбайлас жемқорлық - қоғам індеті. Ал емі болмаса, кез келген дерттің дендеп кететін әдеті. Сол секілді сыбайлас жеқорлыққа да үздіксіз күрес жүргізілмесе, онан мемлекетке келетін зияны шаш-етектен. Қаупі де жоқ емес. Осы орайда қауіпті дертке қарсы күресте Қостанай облысында да аз жұмыс жүргізіліп отырған жоқ. Сондықтан « Егемен Қазақстан » газеті Эономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Қостанай облысы бойынша департаменттің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Дәулет Айтжановты әңгімеге тартқан. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 5 айы ішінде облыста жемқорлыққа байланысты 84 қылмыстық іс қозғалды, бұл істер бойынша 183,0 млн. теңге көлемінде мемлекетке келтірілген шығын анықталды. «Осы уақытта мемлекеттік бағдарламалар бойынша 13 лауазым иесіне қатысты 20 жемқорлық қылмыс анықталды. Мемлекетке олар жасаған 120,4 миллион теңге шығынның 91,2 миллион теңгесі, яғни 75,7 пайызы қазынаға қайтарылды. «Ақбұлақ» бағдарламасынан - 3, «Жұмыспен қамту-2020» - 3, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудан» - 2, «Моноқалаларды дамытудан» - 8, «Сыбағадан» - 2, «Денешынықтыру және спортты дамытудан» 2 жемқорлық істі анықтап, қылмыстық іс қозғалды», - дейді қаржы полициясы. Мақала « Қоғам індеті » деген тақырыппен бірілген.
*** «Әрбір елдің менталитеті, дәстүрлі тағамдары, сусындары, өндіретін тауарлары сияқты өзіндік ерекшеліктері, бір сөзбен айтқанда - ұлттық брендтері бар. Мысалы, солтүстіктегі алып көршімізді ақ аюлар, матрешкалар, құлақшын бөрік елі десек, оңтүстік-шығысымыздағы тағы бір көршімізді аспанасты немесе айдаһарлар елі деп атаймыз. Беларустар картобымен танылса, Австралия - кенгурумен, Франция Эйфель мұнарасы және жұпар исі мұрныңды жаратын әтір, иіссуларымен әйгілі. Ал біздің Қазақстан ше?!», - деп жазады « Айқын » газеті сенбілік санындағы «Ұлттық брендімізді қашан ұлықтаймыз?» деген тақырыптағы мақаласында. Автордың жазуынша, отандық ұлттық бренд бүкіл әлемде танымал болуы тиіс. Ол ақиқатқа айналуы үшін жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетумен бірге, өндіріс сапасының бәсекеге қабілеттілігі жөнінде де жұмыстар жүргізілуі қажет.
Осы басылымда «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы В.Школьникпен арадағы сұхбат жарияланды. Тілші сауалына тұщымды жауап берген оның айтуынша, 2013 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамына қарасты кәсіпорындарда 22 501 тонна уран өндірілді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда, 7 пайызға артық көрсеткіш. Өнімді таратудан түскен кіріс 288 283 млн теңге болды. Бұл - 2012 жылғы көрсеткіштен 12 пайызға кем нәтиже. Мұндай ауытқушылық әлемдік рыноктағы бағаның өзгеруіне тікелей қатысты болды. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы - осы салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар әлемнің түкпір-түкпірімен байланыс орнатқан ұжым. Біздің тұтынушыларымыздың өзі - салмақты. Ұлттық компания қазірдің өзінде кең көлемдегі экспорттық шарт жасасқан. Алдағы уақытта да Қазақстанның табиғи уранын тарату өрісі кеңейе бермек. Неғұрлым көп тарапты мемлекеттік саясатқа сай болсақ, соғұрлым ісіміз жемісті болатынын түсінеміз. Өткен жылы уран экспортының өрісі былайша өрнектелді: Қытай, Еуропа, АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапония. Яғни бізден ядролық отын сатып алатындар - осындай алыптар. Олардың экономикасы өсімге ұмтылатыны және белгілі. Демек, біздің бұл елдермен байланысымыз уақыт озған сайын нығая бермек», - дейді ол.