«Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамы 2010 жылы венчурлік қорлардан 1 миллион доллардан астам табыс тапты

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамы 2010 жылы венчурлік қорлардан 1 миллион АҚШ долларынан асатын табыс тапты.

Бұл туралы бүгін аталмыш мәселеге байланысты журналистермен жүздескен Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет Әбдібеков мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, құрамында «Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамының үлесі бар шетелдік венчурлік қорлар өткен жылдың соңында алдында қаржыландырылған үш компанияларды сатып, одан түскен кірісті акционерлер арасында өзара бөлісіп алған. Осылайша Ұлттық инновациялық қордың акционер ретіндегі табысы 1 миллион АҚШ долларынан асты. «2010 жылы қол жеткізген жетістіктер Ұлттық инновациялық қордың қатысуымен жүзеге асырылған венчурлік қаржыландыру шараларының алға басып отырғандығының көрінісі. Яғни, венчурлік қорлармен жұмыс істеп жатқан менеджерлердің жаңа командасы өзінің тиімді қызмет етіп жатқандығын көрсетті. Осы бағытта болашақта атқарылатын шаралар Ұлттық инновациялық қордың қатысуымен атқарылатын венчурлік қаржыландыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деген ойдамын», деді вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, «Ұлттық инновациялық қор» акционерлік қоғамы 5 шетелдік венчурлік қорлардың қатысушысы. Акционерлік қоғамның аталмыш қорлардағы үлесі 3-тен 12 пайызға дейінгі аралықты құрайды. Ал акционерлік қоғамның АҚШ-тың CASEF қорындағы үлесі 49 пайыз.