Ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заңның редакциясында қауіпсіздіктің бүгінгі басты қатерлері айқындалды - Б. Мұхаметжанов

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттық қауіпсіздік туралы жаңа заңның редакциясында қауіпсіздіктің бүгінгі басты қатерлері айқындалды. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» жаңа редакцияда әзірленген заң жобасына қатысты қосымша баяндама жасаған сенатор Бауыржан Мұхаметжанов осылай мәлімдеді.

«Біз бүгін аса қағидатты әрі қажетті заңды қабылдағалы отырмыз. Құжат еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады. Ал қолданыстағы бұл заң осыдан 12 жыл бұрын қабылданған еді. Содан бергі кезеңде қолданыстағы құжаттың ескіргенін және бүгінгі күн талаптарына жауап бермейтінін айтуға тура келеді. Мәселен, осы уақыт аралығында біздің еліміз де, бүкіл әлем де айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Ұлттық қауіпсіздікке қатысты бір қатерлер өздерінің мәнін жойса, кейбір қатерлер жаңадан пайда болды және өзектене түсті. Осыған орай, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттік органдардың қызметін реттеу қажеттілігі туындалып отыр», - деді Б. Мұхаметжанов.

Оның айтуынша, жаңа заңның идеологиясы еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық мүддені қорғау бағытындағы Мемлекет басшысының айқындаған жүйелі саяси бағдарынан туындайды. Құжатты әзірлеу барысында бірқатар шетелдік және отандық тәжірибелер зерделенген және заң бірнеше басты мақсатты қамтиды.

«Біріншіден, ұлттық қауіпсіздіктің басты қатерлерін айқындау. Екіншіден, мемлекетіміздің басты ұлттық мүдделерін өзектендіре түсу. Үшіншіден, мемлекеттік органдардың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауапкершілік құзыретін жүйелеу және нақтылау. Бұл ретте заңнамада ұлттық қауіпсіздікті қамтамсыз ету ісіндегі барлық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігі ерекше айтылады. Төртіншіден, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ерекшеленген мемлекеттік органдар мен басқа да мемлекеттік органдардың қызметіндегі үйлесімділік пен келісушілік қамтылады», - деді сенатор. Депутаттың сөзіне қарағанда, қабылданған заңда экономикалық шешімдер, оның ішінде мемлекетүсті органдар шеңберіндегі шешімдер қабылдау барысындағы Қазақстанның ұлттық мүдделерін сақтау қажеттілігіне баса назар аударылады. «Әртүрлі интеграциялық сипаттағы ратификациялық заңдарды қабылдау барысында бұған ұлттық мүддені сақтау тұрғысынан келу көзделеді», - деді Б. Мұхаметжанов.