Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша 100 млрд. теңге бөлінеді - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша 100 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Елбасы өз сөзінде ағымдағы жылдың ақпанында Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданғанын еске салып өтті. 500 млрд. теңге көлемінде 2 траншпен бөлінген қаржы 2014-2015 жылдарда экономика өсімін қолдауға бағытталған еді. «Біздің жобаларды аяқтау, өткір тұрған мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 1 трлн. теңгенің 500 млрд. теңге көлеміндегі екінші траншын келесі мақсаттарға - келесі жылға бөліп, бағыттауды тапсырамын. Ең бірінші - шағын және орта бизнесті, сонымен қатар ірі кәсіпкерлікті жеңілдікті несиемен қамтамасыз ету үшін қосымша 100 млрд. теңге бөлу қажет», - деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысының атап өтуінше, аталған қаржы тамақ, химия, машина жасау, сонымен қатар қызмет көрсету салаларындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін болады.