Ұлттық музей алғашқы ғылыми-зерттеу жұмыстарын Ботай қонысынан бастамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 1 тамызында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкерлері музейдің ғылыми жұмыстар бойынша директор орынбасары, т.ғ.к. Олжас Шарнияздановтың жетекшілігімен Солтүстік Қазақстан облысына энеолит дәуірінің бірегей ескерткіші - Ботай қонысына зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін археологиялық экспедицияға шығады. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ұлттық музей осы экспедиция арқылы дербес ғылыми мекеме ретінде алғашқы дала жұмысына кірісіп, ғылыми-зерттеу қызметін бастайды.

Экспедицияның мақсаты Қазақстан тарихы мен мәдениеті үшін орны ерекше ескерткішті зерттеп қана қоймай, сонымен қатар ғылыми қызметкерлердің әлеуетін кешенді және жан-жақты дамыту және Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық археологиясының әртүрлі бағыттары бойынша ғылыми тақырыптар бекіту болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қорын Ботай қонысына байланысты материалдармен толықтыру мақсатындағы ғылыми жүйелеу және лабораториялық өңдеу жұмыстарына қатысты жұмыс жасау да маңызды бағыттардың бірі болып саналады.

Археология профессоры, т.ғ.д. Виктор Зайберт қызметкерлер үшін Ботай энеолит қонысына жүргізілетін қазба жұмыстарының әдістері бойынша шеберлік-сыныбын жүргізеді.

Ботай археологиялық ескерткіші 1980 жылы ашылды. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан. Қоныстың аумағы - 15 гектар.

Осыдан 30 жыл бұрын қазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт ежелгі әлемнің дамуы туралы көптеген түсінікті өзгерткен Ботай энеолит қонысын ашты. Еуропалық ғалымдар дәл осы жерде жылқының қолға үйретілгенін дәлелдеді. Қазба жұмыстарының басталғанына бір апта өтісімен-ақ 40 мыңнан астам артефакт жинауға мүмкіндік туды. Жүргізілген қазба жұмыстары барысында 200 мыңнан астам артефакт жиналды.

Ботай қонысы алты жүз жылға жуық жасады. Сол өзі жасаған аралықта қоныста 250-ге жуық баспана салынған.

Ботайдың ашылуы динамикалық тарих, мәдениеттің қалыптасуы - адамзат қауымының қоршаған ортаға ғаламдық бейімделуі осы жерде басталғанын анықтауға мүмкіндік берді. Дәл осы ботайлықтар адамдардың дала жағдайында өмір сүруі әрекетінің түрін жасақтаған, дәл осы жерде дала өркениеті қалыптасты.