Ұлттық тегімізді қай нұсқада аламыз деген мәселе әлі өзекті күйінде қалып отыр - конференция

АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз әлі күнге дейін ұлттық тегімізді қай нұсқада аламыз деген мәселе төңірегінде бір шешімге келе алмай отырмыз.

Бұл мәселе төңірегінде қазір жаңа проблемалар пайда болып, адамдардың аттарын өзгеше жазу тәжірибеге еніп кетті», деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шәймерден. Бұл туралы ол бүгін  «Қазақстан Республикасындағы ономастика жұмыстарының өзекті мәселелері» атты тақырыпта өткен республикалық конференция барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның  айтуынша, қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты бұрынғыдай Қасымжомарт емес, сызықша арқылы жазылып келеді және  біз Қасымды да, Жомартты да бас әріппен жаза бастадық. «Бұндай үлгілерді ғалымдар не заңдастырып, не оның дұрыс бағытын айтулары қажет. Сонымен қатар қазір шет елден келген қандастарымыздың құжаттарын беру кезінде де біршама қиындықтарды бастан өткеріп отырмыз. Бұны да шешетін уақыт жетті деген ойдамын», деді Тіл комитетінің төрағасы.

Оның айтуынша, аталмыш мәселе осыған дейінгі Мемлекеттік ономастика комиссиясының отырысында дайындалып, одан соң  кейінге қалдырылған.