Ұлттың ұлт екендігін өнері, мәдениеті және салт-дәстүрі айшықтап тұрады - жәдігер жинаушы Б. Төлегенқызы

ана. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбек/-Бүгінде сирек тарихи жәдігерлерге айналған қазақтың әрбір қолөнер туындысында ұлттық болмысымыз жатыр. Өзге жұрттан қазақты ең алдымен осы ұлттық жәдігерлеріміз айшықтап, даралап тұратыны анық. ҚазАқпарат 15 жыл бойы ежелгі қолөнер бұйымдарымыз бен тарихи жәдігерлерімізді жинап, ұлттық құндылықтарымыздың жоқтаушысы болып жүрген

 «Әдемі-ай Plus» ЖШС-ның бас директоры Бахаргүл Төлегенқызымен орайы келген сұхбатты назарға тартады. 

 - Құрметті Бахаргүл Төлегенқызы, әуелі сізді осы саламен айналысуға қандай күш итермелегенін айта кетсеңіз?

- Мен 1969 жылы Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. Үйде апам сырмақ тігіп, өрнек тоқитын.  Кішкентай кезімнен апамның оймағына жағаласып, өнерге бейім өстім. Кейін Пекин мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оның биология факультетін 1994 жылы бітірдім. Сол жерде оқып жүргенде қытайдың мұражайындағы  ертедегі императорларының заттарын көріп, сырттай зерттеумен айналысып жүретінмін. Оқу бітірісімен атамекенім Қазақстанға атбасын тіредім, 1994 - 1997 жылдары өз мамандығым бойынша ғылыми жұмыспен айналыстым. Диссертация жазуға әзірлік барысында Қазақстандағы ежелгі қолданбалы өнерді зерттеуге бет бұрып, аталмыш өнердің ежелгі туындыларын жинастырушылармен таныстым. Бұл сала мені қатты қызықтырды, содан бастап ата бабаларымыздың шебер қолдарынан шыққан құнды жәдігерлерін жинауға кірістім.

  - Еліміздің ертеден келе жатқан мәдени мұраларын жинаудың, оны халық арасында насихаттаудың қандай маңызы бар деп ойлайсыз?

- Бұл өте маңызды сұрақ. Меніңше әрбір ұлттың ұлт болып қалуы үшін өнері, мәдениеті, салт - дәстүрі айрықша орын алады, әрбір азамат сан жылдар бойы тарих қойнауында жасырынып жатқан төл тарихымыз бен мәдениетіміздің жәдігерлерін халыққа таныстыруға, халқымыздың ежелден келе жатқан өнер туындыларын көзіміздің қарашығындай сақтап, оған деген махаббат, құрмет сезімін оятуға мүдделі болуы керек. Өйткені бәсекеге толы бүгінгі жаһандану дәуірінде біз ұлтымыздың бет-бейнесін, болмысын ертеден келе жатқан мәдени мұраларымыз арқылы, бай мазмұнды жәдігерлеріміз арқылы әйгілей аламыз, осы арқылы біз тәуелсіз еліміздің елдігін, бірлігін көрсетеміз. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа өз тарихын, ата- бабаларымыздың қолынан шыққан жәдігерлерін таныстырып, олардың жүрегіндегі өз еліне, ұлтына деген патриоттық сезімін оятуымыз керек.

 - Жәдігерлік бұйымдарды жинауды неден бастадыңыз? Қазір қолыңызда қанша жәдігер бар?

- «Отан отбасынан басталады» демекші,  мен ұлтымыздың асыл қазынасын жинауды отбасымнан бастадым. Яғни апамның ұршығы мен келі-келсабы, атамның ер-тұрманы  - менің қолыма түскен алғашқы мәдени мұралар. Қазір менің қолымдағы еліміздің түкпір - түкпірінен, Қытай, Моңғолия сынды шетелдегі қандастарымыздың арасынан тірнектеп жинаған, ұлттық өнеріміздің куәсі болатын жәдігер бұйымдардың саны мыңнан асты.

 - Солардың ішінде қандай өнер бұйымдары көп кездеседі? Біразын атап өтсеңіз.

- Жиған ұлттық жауһарларымның ішінде тарихы мың жылға кеткен, көздің жауын алатын әшекейлер, сақина, білезік, сырғалар, ат әбзелдері мен ер азаматтардың жорыққа қатысты сайман қарулары, әйел белдіктері, тұрмыстық бұйымдар, сондай-ақ киіз үй жабдығы, келі-келсап, диірмен, ошақ, бесік, сырмақ, кесте өнері қатарлы салт-дәстүр бұйымдары бар. Өткен ғасырлардағы қазақ шеберлерінің қолынан шыққан бұл зергерлік бұйымдар негізінен алтын, күміс, қола мен мыстан, тері мен ағаштан жасалған.

 - Сіздің байқауыңызша, Қазақстанның қай өңірлерінде тарихи жәдігерлеріміз көп сақталыпты?

- Жалпы Қазақстанның барлық жері мәдени мұраға бай, соның ішінде Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Торғай өңірлерінде  алқа, жүзік, шолпы сияқты көркем металл бұйымдары көп сақталған. Ал мендегі тұрмыстық бұйымдар негізінен Қытай қазақтарынан алынды.

 - Мұндай асыл мұраны халық қолынан жоғары бағамен сатып алатын шығарсыз?

- Әрине, кім қолындағы атадан қалған бағалы мұрасын текке бергісі келеді. Кейбіреуін сатып аламын, кейбіреуін өзімнің басқаруымдағы «Әдемі-АйPlus» компаниясының кәдесыйларына айырбастап аламын. Тіпті кейде қытайдың ежелгі қолөнер бұйымдарын беріп, қазақтың жәдігер бұйымдарына айырбастап алған кездерім де болды.

 - Қолыңыздағы тарихи мұралардан ата-бабамыздың қандай бір наным сенімдерін байқауға бола ма? Сондай-ақ бұл заттардың қазіргіге ұқсамайтын  қандай бір өзіндік  ерекшеліктері бар?

 -Тарихтың терең қатпарынан  сыр шертетін бұл асыл мұраларымыздың әрқайсынан ата-бабамыздың болмысы менмұндалайды. Мысалы, әшекей бұйымдардан ою-өрнектер, жан- жануарлар мен өсімдік  бейнелерін және аспан әлемінің суреттерін көп кездестіруге болады. Бұл ертедегі бабаларымыздың аспан әлеміне табынғандығының дәлелі. Қошқар мүйіз байлықтың бақыттың  белгісі, иір мүйіз көбеюдің белгісі, сыңар мүйіз бен сынық мүйіз бар мүлкім аман болсын дегеннің белгісі деп білген. Көбінде жолымыз ашық болсын деп ақ түсті қолданған. Менде жүзіктің 60-тан аса, білезіктің 70-тен астам  түрі бар. Олардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекшелікке ие. Қазір технология қаншалықты дамығанымен, бұл жәдігерлердің көшірмесін жасау мүмкін емес.

 - Сізді атамекенге жетелеп алып келген жүрегіңіздегі ұлттық сезімнің күші болар, елге келгелі өз отаныңызға қандай  үлес қостым деп ойлайсыз?

 Әрине, Қазақстан әрбір қазақтың арқа сүйер тұғыры, алтын бесігі. Жүрегінде намысы бар азамат бойындағы өнерін өз ұлтының игілігіне жұмсауы керек деп ойлаймын. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді ғой! Мені де атамекенге алып келген осы күш. Ата жұртқа келгелі елімізге аз да болса өз үлесімді қосып жатырмын деп айта аламын. Жасаған ізденістерімнің арқасында ағымдағы жылы «Жүрегімде Отаным» атты этно-жәдігерлер көрмесін  өткіздім. Астанада Президент мұражайында, сондай-ақ Ресейде тұратын қазақтарға арнап көрме өткізіп қайттым. Антиквариат дүниелерін жинау арқылы қазақтың қол өнерінің баға жетпес байлықтарын шет елдерге таныстыру мақсатында алғаш 2000 жылы «Әдемі-Ай plus» ЖШС-ін аштым. Компаниямыз байтақ еліміздің бай мәдениеті мен терең тарихын насихаттайтын, халқымызды ұлтжандылыққа тәрбиелейтін ұлттық кәдесый топтамаларын дүниеге әкеліп, патент негізінде шығарады. Онымен жұбайым Мұрат Әкімбеков бастаған шеберлер айналысады. Олар тәуелсіздік жылдары тұрғызылған ескерткіштер мен Қазақстан рәміздерінің кәдесый түріндегі кішірейтілген нұсқаларын жасайды. "Тәуелсіздік монументі", "Астана бәйтерегі", "Қожа Ахмет Яссауи" кесенесі, "Алтын адам", "Исатай-Махамбет", "Бәйдібек", "Қорқыт ата" сияқты архитектуралық тарихи туындылары өз елімізді айтпағанда, шетелден келген қонақтардың қызығушылығын арттырып отыр. 2007 жылы өзімізде бар құндылықтарды жұртшылыққа кеңінен көрсету мақсатында «Әдемі-Ай» атты этнографиялық, мәдени танымдық журналын шығаруды қолға алдық. Өз басқаруымдағы «Әдемі-Ай plus» компаниясы құрылған күннен бастап ұлттық құндылықтарға қызмет етуді алдына басты мақсат ете отырып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Ақындар айтысы», Қазақстан Ұлттық телеарнасының «Намыс дода» бағдарламасы, «Әнші болғым келеді» бағдарламасы, «Астана-Тілеп» байқауы, «Сағындырған әндер-ай» ән фестивалі сияқты шараларға және жақында ғана Алматы қаласы бойынша өткен «Ұлттық делфийлік ойындарға» да демеушілік жасаған болатын.

 - Сіз ұлттық мәдениетіміздің жоқтаушысы ретінде мәдени байлығымызды кеңінен насихаттау үшін қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

- Суретшілер одағы, жазушылар одағы деген секілді шетелдерде коллекционерлердің де одақтары бар. Ал бізде ондай жоқ,  одақ болмаған соң  жәдігерлердің құнын ел біле бермейды. Ал шетел жұрты сондай одақтар арқылы,  мысалы,  Америкадағылар Еуропада түрлі колекциялық жәдігерлердің қайсының бағасы қанша екенін біле алады. Сондықтан елімізде де осындай одақтар құрылса деймін. Және де ұлттық болмысымызды әйгілейтін кәдесый бұйымдарын толықтай  отандық өнімге айналдыруымыз үшін зергерлік бұйымдар жасайтын зауыттар ашуымыз керек. 

- Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Алда жинаған жәдігерлерімнің  қазақ, орыс және ағылшын тілінде екі-үш фото албомын дайындап жатырмын. Президенттік мәдениет орталығындағы мұражайдың көмегімен барлығының техинкалық сипаттамасын жазып, әрбір жәдігерге жеке-жеке төлқұжат алдым. Құдай қаласа, шетелдерге барып көрме ұйымдастырып, қазақтың ұлттық болмысын өзге жұрттарға таныстырмақ ойым бар.  Алматыдағы өнер үйін үлкейтіп, бай мазмұнды тарихи жәдігерлеріміз сақталған мұражайға айналдыруды  да жоспарлап отырмын.

 - Әңгімеңізге рақмет! Ісіңіз ілгері болсын.