Бұл өте бір сұрапыл да қиын жылдар болды. Қазір ойлап қарасаң көрген түс секілді. Бірақ көзіңді жұмсаң бәрі де қайта пайда болады. Бұл менің үзеңгілестерімнің барлығының басынан өткерген жәйттер. Мен 1943 жылы әскер қатарына шақырылдым. Соғыс жылдарында ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалдым. Жарақатымның ауырлығы соншалық, ол күні бүгінге дейін менің сол бір жылдардан қалған естелігім іспеттес, «өткеніңді ұмытпа» дегендей, ара-тұра ауырғанда өткен өмірді есіме салып отырады. Соғыс жылдарында пулеметші болдым. Соғыс кезіндегі қанды қырғындардың бірінде бізге қарсы шабуыл жасалып, оқ қардай борады. Бірде қатты жарылыс болып, есімнен танып қалыппын. Есімді жиғанда денеме тиген бомбаның жарқыншағын көрдім. Тағдыр басқа салса, бәріне де көнеді екенсің. Сол жарқыншақ әлі күнге дейін менімен бірге жүр. Бірде дәрігерге барып, рентген аппаратына түсуім қажет болды. Дәрігер денемдегі жарқыншақтарды көріп «қалай жүрсіз» деп таңдай қағады», деп еске алады өткендерін Ұлы Отан соғысының ардагері Темірбек Нәбіұлы.
Степногор қаласының маңындағы Ақсу ауылында туылған Темірбек Нәбіұлы 1943 жылы 17 жасында-ақ әскер қатарына алыныпты. Ұлы Отан соғысы жылдарында үшінші Украина майданында Днепрді алғаны үшін «Даңқ» орденінің иегері атанған қарттың кеудесінде бүгін 20-дан астам ордендер мен медальдар жарқырайды.
«Мен кейінгі ұрпақтарға, өзімнің ұл-ққыздарыма ылғи да айтып жүремін. Қандай жағдайда өмір сүрсең де, қай жерде жүрсең де қатарыңның алды бол. Оқу оқып, білім алып жатырмын деп қана жүре беруге болмайды. Жас кезімде әкемді де, ағамды да майданға алып кетіп, үйде қалған екі кемпір мен жеңгемді асырау үшін шахтада да ауыр жұмыс істедім. Бұл менің 7-ші сыныпта жүрген кезім еді. Мектепті тастауға тура келді, әрине. Осының бәріне көну қажет еді. Мен көндім де. Өйткені ол тек менің ғана басымнан өтіп жатқан жағдай емес, бүкіл халықтың басына төнген зұлмат еді. Содан бері де міне аттай 65 жыл өтіпті. Аллаға шүкір дені-қарным сау. Өзім жүріп, өзім тұрамын. Тағдыр осыншама жылдардан соң тәуелсіздігін алған дербес мемлекетті, берекесі мен бірлігі жарасқан бейбіт елімді көруге жазыпты. Осындай кең байтақ, қойны-қонышы байлыққа толы жері бар, атақ-даңқы жер жарған елі бар бүгінгі ұрпақ бақытты. Бұл кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында жастайынан қыршын кеткен талай боздақтың асыл арманы. Бүгінгі егемен Қазақстан сол соғыстың құрбандарының жанкешті еңбектеріне тарихтың берген бағасы. Асылын ардақтап, үлкенін құрмет тұтып, ардагерлерге көңіл бөліп отырған елдің болашағы жарқын, аспаны ашық болмақ. Ендеше заманымыз тыныш, болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын. Келер ұрпаққа тек «қой үстіне бозторғай жұмырқалаған» бейбіт күнде мамыражай тіршілік кешіп, жақсылық пен игілікті өмір сүруге жазсын. Қазақ деген ұлы халықтың мерейі үстем болсын», дейді ардагер қарт.