ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ: Иван Коняхин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ҚазАқпарат ХАА сұрапыл соғыс жылдарында өз Отанын фашистік басқыншылардан аман алып қалған біртуар батырлар туралы материалдар жариялайды.

Батальон басқарып, Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының Батыры Иван Иванович Коняхиннің есімі Орал қаласында құрметпен аталады.

1921 жылы 24 ақпанда Калуга облысы Дзержинск ауданы Куровское деревнясында дүниеге келген И.Коняхин 1938 жылы он жеті жасында-ақ Минск жаяу әскерлер училищесіне оқуға түсіп, онда екі жыл білім алып, бітіргеннен кейін Белорус әскери округіндегі бөлімдердің бірінде қызмет етті.

Ол - соғысты шекара шебінде тура 22 маусым күні алғаш қарсы алғандардың бірі. Өзінің көзі тірісінде осы жолдар авторына айтып кеткеніндей, Белосток қаласынан алпыс шақырымдай жерде орналасқан Осовец қамалы шекараға тиіп тұрған-ды. Дабылдың ащы даусынан атып тұрған кеңес жауынгерлері әуелі әдеттегідей жаттығу болар деп ойлаған. Жоқ, олай болмай шықты. Киінуге шақ үлгерген олар өз окоптарына қарай жанұшыра жүгірді. Айнала - жарылыс, лапылдаған от. Ештеңені айырып болмайды. Бобр өзенінің жағасындағы окопта жатқан И.Коняхин жаудың 18 ұшағын санап үлгерді. Кенет құлақ тұндырған жарылыстан жер сілкініп кеткендей болды. Топырақ астынан әрең шыққаны есінде қалды. Әйтеуір оққағары бар екен. Бұл кезде ол взвод командирі, лейтенант болатын.

Брянск орманында болған қорғаныс ұрыстарының бірінде взвод командирі ауыр жараланды. Владимир облысындағы Муром қаласында емделіп шыққаннан кейін Иван 1943 жылға дейін запастағы полкте қызмет етті. Сол жылғы маусымда қайта майданға аттануға тура келді.

1943 жылдың күзі. Десна өзенінің арғы бетінде гитлершілдер мықтап бекініп алғанға ұқсайды, әлсін-әлсін су бетімен оқ жаудырып қояды. Осындай сәтте барлауға шығуға тапсырма алған И.Коняхин бастаған жеті жігіт салқын суға сүңгіп кетті. Көзге түртсе, көргісіз қараңғы түн. Арғы бетке еппен шығып алған барлаушылар жау траншеяларына жетті де, гранаталарды фашистердің үстіне тастап, ажал оғын септі. Сонымен қатар олар жаудың атыс нүктелерінің қалай орналасқаны туралы да құнды деректер алып қайтты. Көп ұзамай негізгі күш те өзеннен өтті. Осы тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін рота командирі И.Коняхин Александр Невский орденімен марапатталды. Әйтсе де тағы да ауыр жараланған ол Брянск қаласында 1994 жылдың ақпанына дейін денсаулығын түзеді.

Тағы бір майдан. Бұл жолы І Белорус майданындағы 47-армия 143-Қызыл тулы Суворов орденді Конотоп-Коростень дивизиясының 487-атқыштар полкіне келді. Ковель қаласының түбінде тағы батырлығымен көзге түскен батальон командирінің орынбасары екінші дәрежелі Отан соғысы орденін өңіріне тақты.

Алда Висла өзені, сосын Варшава тұрды. Ерекше тапсырма алған батальон тегеурінді екпінмен жау қорғанысын бұзып-жарып, Висладан өтіп шықты. Комбат ауыр жаралы болғаннан кейін батальонды аға лейтенант И.Коняхин ұрыс үстінде қабылдап алды. Кішкентай плацдармды басып алған олар енді қорғануға көшті.

Қолайлы бекіністерінен айрылғысы келмеген неміс фашистері қаншама рет шабуылдап бақса да, үлкен шығынмен кері шегініп отырды. Өршеленген дұшпан ержүрек командир басқарған жауынгерлердің сағын сындыра алмады. Ұйқысыз шайқас екі тәулікке созылды.

Осыншама уақыт бойы жаудың бетін қайтарып, полктің өзеннен өтуін қамтамасыз еткені үшін батальон командирі, аға лейтенант И.И.Коняхинге Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 27 ақпандағы Жарлығымен Батыр атағы берілді. 487-полк бойынша он бір адам осындай жоғары атаққа ие болды.

Батальон бұдан кейін Бромберг, Дойч-Кроне, Шнайдемюль қалаларын алуға қатысып, 1945 жылғы сәуір айының басында Одерге шықты.

Берлинге бар болғаны алпыс шақырымдай қалған-ды. Батальон басқарған Батырдың алдына жаңа міндет қойылды. Олар дивизия мен полктің алдыңғы шебіне орналасып, қараңғы түсісімен шабуылға даяр тұрды. 16 сәуірге қараған түні сағат 03-те жер тітіреткен кеңес әскерінің артиллериялық дайындығы басталды. Бір сағаттан кейін танктермен бірге жаяу әскерлер шабуылға көтерілді. Гитлершілдердің жанталаса қарсыласқанына қарамастан, батальон артиллерияның қолдауымен 5-6 шақырымдай алға жылжыды. Ал түнде оған тағы екі-үш шақырым қосылды. Шабуыл келесі күні де толастаған жоқ. Осыдан кейін дивизия командирі М.М.Зайкин екі күн ұйықтамаған бұларды резервке шығарып, демалуға бұйрық берді. Бірақ кеңес танкілері Берлинге кіре бастаған мезгілде комдив бұған батальонымен тез жетуді бұйырды. Қала көшелерінде басқа да бөлімдермен тізе қосып, кескілескен ұрыс жүргізген И.Коняхиннің батальоны 1 мамыр күні Ратенов қаласына қарай қозғалды. Батырға тағы бір жауынгерлік награда Қызыл Ту ордені табыс етілді. Олар 8 мамырда Эльбаға жетіп, Жеңісті сонда қарсы алды. И.И.Коняхин барлығы 11 жауынгерлік орден, алты медальмен марапатталды.

Соғыстан кейін де шайқастарда шыңдалған тәжірибелі командир КСРО Қарулы күштерінде қызмет етті. М.Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген И.Коняхин полковник шеніне дейін жетіп, полк командирі, сосын дивизия командирінің орынбасарлығына дейін көтерілді.

1962 жыл Иван Коняхиннің өміріне күрт бетбұрыс әкелді. Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облыстық әскери комиссары болып тағайындалған ол осынау жауапты қызметті 1977 жылға дейін абыроймен атқарды. Он бес жыл мерзім ішінде өңірде ел қорғайтын сардарлар мен сарбаздарды тәрбиелеу ісіне сүбелі үлесін қосты. Атағы асып тұрса да, байсалдылығынан, қарапайымдылығынан танған жоқ. Бедел биігінен түспей, съезд делегаты, халық қалаулысы атанды. Отставкадағы полковниктің Оралға бауыр басқаны сондай, осында біржола тұрақтап қалды, 1989 жылы топырақ та осы жерден бұйырды.

Бүгінде Орал қаласындағы көшелердің бірі Кеңес Одағының Батыры И.Коняхиннің есімімен аталады. Сондай-ақ шаһарда Батырды еске алуға арналған нысана көздеуден мектеп оқушылары арасында жарыс өтіп тұрады.