Ұлы Жеңіске 70 жыл: Қаратөбелік тұрғын танк колоннасын жасауға 50 мың сом берген еді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңіске майдандағы жауынгерлермен қатар елде қалған тыл еңбеккерлері де сүбелі үлестерін қосты. Соның бірі Қаратөбе ауданының тұрғыны Кәкімжан Фахрутдинов (1902-1978) танк колоннасын жасауға 50 мың сом берген еді.

Қаратөбелік журналист Ертай Бимұхановтың анықтағанындай, ол 1902 жылы Жымпиты ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Төрт кластық білімі ғана болғанымен, оны өмір бойы жетілдіріп отырған.

Азамат соғысы кезінде 15-16 жастағы Кәкімжан қызыл әскерлерге қосылып, көмек көрсеткен. Жымпитыға ақтар кіргенде, шөмеле шөптің арасында тығылып отырғанда, ақ әскерлер шөмелеге айыр тығып, оларды іздеген. Шөп арасынан он шақты баланы шығарып алып, алаңға әкеліп, әрбір екіншісін атқан. Бақытына орай, Кәкімжан тірі қалады. Бірақ өмір бойғы тұтықпа дертіне тап болады. 1930, яғни аштық жылдарында оның отбасы 3 ұл, 3 қызбен Қарақалпақстанның Нүкіс қаласына қашып, сонда қоныс тепкен. Көп кешікпей, 1936 жылы туған елге қайтып оралады. Ол кезде Кәкімжан отбасылы болатын. Оның тұңғыш қызы Флора 1933 жылғы, ұлы Шамиль 1937 жылы туған. Қызы Фердаус 1930 жылы және 1935 жылы Камиль дүниеге келген. Фердаус пен Камиль Қарақалпақ елінде қайтыс болған.

Кәкімжан Ғайнутдинұлы соғысқа дейін аудандық тұтынушылар одағында дүкенші болып жұмыс істейді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, екі інісі Ғабдуллажан және Бари соғысқа аттанады. Кәкімжан ағасының көмегімен білім алған інісі Бари майданда төрт жыл бойы әскери хирург болады.

-Менің әкемді соғысқа тұтыққаны үшін алмады. Бірақ 1941-1946 жылдары Қаратөбе ауданында қарағай қоймасында он шақты ұзын қойма салынып, соған шаруашылықтардан бірнеше тонна (бидай, тары, қара бидай) әкелінді. Сол қоймалардың меңгерушісі де, қызметшісі де, есепшісі де бола білген әкем түнде қару алып, қойманы қарауылдаған. Күніне тек 3-4 сағат қана демалған. Сол сұрапыл соғыс жылдары тәртіп қандай қатаң болса да, өз өмірін аямай, амалын тауып, ауылдың жетім-жесірлеріне уыстап-дорбалап астық беріп отырған. Және де өзінен де сүт, жұмыртқа, көже т.б. тағамдарды көршілерімен бірге бөлісіп отырған. Сондықтан болар, ауданда қалған кәрілер және олардың ұрпақтары марқұм әкемнің есімін және жақсылықтарын ұмытпай, ризашылықтарын білдіріп отырады және мақтап отырады, - дейді қызы, еңбек ардагері Флора Кәкімжанқызы.

Кәкімжан Ғайнутдинұлының соғыс кезінде танк колоннасын жасауға 50 мың сом ақша беруі жеңісті жақындатуға қосылған қомақты үлес десе болғандай. 1946 жылы қойма жабылып, Кәкімжан қайтадан аудандық тұтынушылар одағына жұмысқа орналасады. Еңбекке деген адал қызметінің арқасында аталмыш мекемеден құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады. Зейнетке шықса да, бос отырмай, 1966-1978 жылдары бюджет интернатының қойма меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Ол 1978 жылы 76 жасында дүниеден озса, зайыбы Салиха 1984 жылы қайтыс болды.

Кеезінде түрлі мақтау қағаздарымен, медальдармен марапатталған еңбек және тыл ардагері Кәкімжан Фахрутдиновтің Ұлы Жеңіс үшін жанқиярлықпен еңбек еткендігі үлгі болып қала бермек.